Отбасы институтын нығайту және әйелдер мен кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі – қоғамның дамуының негізі

Отбасы институтын нығайту және әйелдер мен кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі – қоғамның дамуының негізі

Әр адамның тұлға болып қалыптасуында отбасының алатын орны ерекше.

Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайту және қолдау, отбасылардың бақытты және үйлесімді өмір сүруіне жағдай жасау - мемлекет пен қоғамның стратегиялық міндеттері. Отбасы институтын нығайтудың маңызды аспектілерінің бірі әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

Сондықтан да 2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.

Заңнамалық новеллалар отбасын қорғауға және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көріністері үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.

Ең алдымен неке және отбасы институтын нығайтуға, жалпыадамзаттық, адамгершілік, рухани және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды құрметтеу арқылы кәмелетке толмағандардың адамгершілік-рухани тәрбиесін қамтамасыз етуге негізделген неке және отбасы заңнамасының іргелі қағидаттары қалыптасты.

Түзетулер отбасы мәселелері, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі байланыс орталықтарын, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруды көздейді.

Өзін-өзі өлтіруге итермелеу және оған ықпал ету, сондай-ақ оны насихаттау үшін жауапкершілік енгізіліп, күшейтілді.

16 жасқа толмағандарға сексуалдық сипаттағы тиісу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, кәмелетке толмаған адамды ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру жазасы күшейтілді. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған баланы жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді.

Енді енгізілген түзетулерге сәйкес, білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандардың заңсыз әрекеттері немесе оларға қатысты заңсыз әрекеттер туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға міндетті. 16 жасқа толмаған балаларды жолақысы болмаған жағдайда қоғамдық көліктен мәжбүрлеп шығаруға тыйым салынды.

Айта кету керек, қоғамның жекелеген топтарында жаңа түзетулердің балаларды отбасынан тартып алуға ықпал ететіні туралы айтылған мәлімдемелер негізсіз болып табылады. Қазақстан тек жалпы қабылданған ұлттық отбасы құндылықтарын, отбасы институтын сақтауды жақтайтыны сөзсіз!