ӨКІЛ ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БАҒЫТЫНДА ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗДІ

ӨКІЛ ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БАҒЫТЫНДА ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗДІ

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Д. Шарипбаев 2024 жылғы 15 сәуірде "Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы" РМҚК Қызылорда облысы бойынша филиалының ғимаратында Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар бойынша Қызылорда облысының ауылдық округтерінің әкімдеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

          Түсіндіру жұмысы барысында Өкіл енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы егжей-тегжейлі түсіндірді.

          Жаңа өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес:

          - әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілік күшейтіледі;

          - қасақана ауырлығы орташа (2 жылға дейін бас бостандығынан айыру) және денсаулығына ауыр зиян келтіргені (3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру) үшін жауапкершілік күшейтілді;

          - Неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке-отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары көзделген;

          - отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы үшін құқықтық негіздер құрылды;

          - тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құру және олардың жұмыс істеуі мәселелерін бекіту қарастырылды;

          - өз-өзіне қол жұмсауға ықпал еткені үшін, сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсауды насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді;

          -16 жасқа толмаған адамдарға жыныстық сипаттағы қысым көрсеткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді (педофилия – өмір бойына бас бостандығынан айыру). Кәмелетке толмағанды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жазалар айтарлықтай күшейтілді;

          - кәмелетке толмағанды қорлау (қорқыту, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді;

          - білім беру ұйымдарының кәмелетке толмағандардың немесе оларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлау міндеті белгіленді;

          - қоғамдық көліктен балаларды жол ақысы болмаған кезде оларды мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды және т. б.

          Сондай-ақ, түсіндіру жұмыстары барысында Өкіл қатысушыларды ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің арнайы баяндамасымен таныстырды, онда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша статистикалық деректер, сондай-ақ отбасылық жанжалдар аясында кісі өлтіру бойынша статистика келтірілген. Мысалы, соңғы 5 жылда осы салада 5 958 қылмыстық құқық бұзушылық жасалған.