Қоғам талабына сай қабылданған заң

Қоғам талабына сай қабылданған заң

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды.
Бұл құқықтық құжат 15 заңнамалық актіге, атап айтқанда жеті кодекс пен сегіз заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Заң ең алдымен әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстардың алдын алып, балаларға қатысты мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік негіздерін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы отбасы мен тұрмыста әйелдер мен балаларға қарсы кез келген зорлық-зомбылық түріне қарсы жазаны күшейтуді тапсырған еді. Бұдан кейін ел Парламенті осы саладағы мүдделі тараптардың қатысуымен дайындалған заң жобасын мақұлдап, бүгін оған Мемлекет басшысының қолдауымен әйелдер мен балалар құқығын қорғайтын басты құқықтық құжатқа айналып отыр. Осы орайда аталған заңның қабылдануына Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының үлкен үлес қосқанын атап айтқан жөн.
    Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Алматы облысы бойынша өкілі ретінде бұл құжат өз уақытында қабылданды деп санаймын. Себебі қоғамның әлсіз қорғалған топтары – әйелдер мен балалардың отбасында түрлі зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқан оқиғалары туралы күнара естіп-біліп жүрміз. Бұған жәбір көрсетушілерге тағайындалған жазаның жеңілдігі де аз әсер етпесе керек. Өйткені, бұған дейінгі заңда кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық көрсеткендерге жеңіл жаза қарастырылып, татуласуына мүмкіндік берілген болса, жаңа заңда жаза қатаңдатылып, татуласуға тыйым салынды.
Ресми есеп бойынша, елімізде жыл сайын отбасылық жәбір көрсетушілердің қолынан кемінде 80 әйел қаза табады, күнделікті полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 300-ге жуық арыз келіп түседі. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Д. Закиеваның айтуынша, өткен жылы ғана 69 әйел мен 7 бала қайтыс болған. Мұндай статистикадағы әр санның артында адам тағдыры тұратындықтан, оларды жасырып-жабудың соңы әйел мен бала құқықтарының тапталуына, ақыры түбінде еліміздің мемлекет ретінде өсіп-өркендеуіне кедергі келтіретіні сөзсіз. Әйелдер мен балалар құқығын қорғау Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Алматы облысындағы өкілдіктің басты міндеттерінің бірі. Облыста тұрмыстың тауқыметін тартып, отбасында қорлыққа ұшыраған, зорлық көрген жандар өкілдік көмегіне жиі жүгініп, көмек сұрайды. Өкілдік олардың мәселесі бойынша өз кезегінде тиісті құзырлы органдарға ұсыныс жолдап, құқықтық көмек көрсетуге барынша қол созады. Әйтсе де, бұған дейін заңдағы кейбір олқылықтар әйелдер мен балаларға қарсы заң бұзушылықтардың алдын алуға немесе қайталанбауына қолбайлау болып келген еді. Енді қоғам талқысына салынып, жан-жақты сараланып барып қабылданған кәмелетке толмағандар мен әйелдерді құқықтық, әлеуметтік, экономикалық жағынан қорғауға жаңа жол ашады деп сенемін.