СҚО-да полицейлер тұтас бір мектепті улауға жеткілікті есірткісі бар күдікті әйелді ұстады

СҚО-да полицейлер тұтас бір мектепті улауға жеткілікті есірткісі бар күдікті әйелді ұстады

СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 39 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ол синтетикалық есірткі таратумен айналысатын интернет-дүкендердің бірінде буып-түюші болып жұмыс істеді деген күдікпен ұсталды. Оны ұстаған кезде қалтасынан, жалдамалы пәтердің дәретханасы мен жатын бөлмесінен, өзі есірткі жасырған орындардан ішінде ұнтақ тәрізді зат салынған «зиплок» деп аталатын шағын қалташалар мен түйіншектер табылды. Сараптама нәтижесі тәркіленген заттардың жалпы салмағы 227,97 грамм «α-PvP» синтетикалық есірткісі және 57,57 грамм «мефедрон» екенін көрсетті. Сондай-ақ, электрондық таразы, орауға арналған материал мен есірткіні буып-түюде қолданатын басқа құралдар тәркіленіп алынды.

«Күдіктінің өзі есірткіге тәуелді, бұрын есірткі сақтағаны үшін істі болған, - дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Руслан Сапаров. – Алғашқы қылмыстық жазасынан сабақ алмаған. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, ол буып-түюші болып тек 3 ай ғана жұмыс істеп үлгерген. Енді аса ірі көлемде есірткі өткізгені үшін ол ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін».

Жыл басынан жедел жұмыстардың нәтижесінде полицейлер СҚО аумағында 2 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіледі.