6 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген – СҚО-да учаскелік инспектор ішімдік ішпейтін ауылдағы жұмысы жайлы айтты

6 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген – СҚО-да учаскелік инспектор ішімдік ішпейтін ауылдағы жұмысы жайлы айтты

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы Қарағай ауылы спирттік ішімдік ішпейтін ауылдардың қатарына кіреді. Бұлақ ауылдық округінің құрамындағы үш ауылдың бірі. Мұнда 10 жыл бойы арақ-шарап атаулыны мүлдем ұмытқан. Тәжірибелі учаскелік полиция инспекторы Қанат Жанғариннің аталған округтегі тәртіпті қадағалап жүргеніне 6 жылға жақындапты.

«Мұнда 27 үй бар, халық саны – 88 адам, - дейді полицей. – Мен қызмет атқарып жүрген уақыттан бері бұл елді мекенде бірде-бір қылмыс тіркелмеді. Отбасы-тұрмыстық салада, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар мүлдем жоқ. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен айналысады. Сондықтан болар, еркін жайылым проблемасы туындады. Бұл мәселені ауыл тұрғындарының жиналысында шештік. Соңғы үш жылда мұндай бұзушылықтарға да жол берілмеді».

Қазіргі уақытта учаскелік инспектордың негізгі жұмысы – интернет-алаяқтықтың алдын алу. Мұндай фактілер де тіркелмеген, бірақ уақыт өткен сайын алаяқтар түрлі айла-тәсілдерді қолданып, азаматтарды сан соқтыруда. Қанат Жанғарин азаматтармен үнемі кездесіп тұрады, WhatsApp желісіндегі ауыл чатына алдын алу сипатындағы жадынамаларды жіберіп тұрады. Жергілікті тұрғындар да тәртіп сақшысының жұмысына риза. Ащы судан бас тартудың арқасында ауылдағы өмір тыныш әрі қауіпсіз болғанын айтуда.