Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастық: құрылыс және өнеркәсіп

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастық: құрылыс және өнеркәсіп

 

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Түрікменстанның ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Батыр Реджеповпен кездесті.

Қазақстан мен Түркіменстан арасында дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынастардың ұзақ тарихы бар. Стратегиялық серіктестіктің нәтижесінде 2023 жылы өзара сауда көлемі 563 млн долларды құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден 22,5 %-ға артық.

Түркіменстан мамыр айында өтетін екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайту және жеткізілетін тауарлардың ассортиментін кеңейту жөніндегі жұмыс тобының жоспарлы отырысына байланысты Қазақстанда арматура алуға дайындығын атап өтті.

Қанат Шарлапаев Өнеркәсіп комитетінің төрағасына жоспарланған ірі Ашхабад-Сити жобасын құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар мәселесін пысықтауды тапсырды.

Елші цемент пен шыны жеткізу бойынша ұсыныс айтты, оған Министр Қазақстанның шыны өнеркәсібінде ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.

Әңгімелесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы тақырыбын қозғады, нәтижесінде Елші Түркіменстанның Қазақстанда бар фенолды көмірсутектердің табиғи минералды кешені – леонардитті сатып алуға мүдделілігін білдірді.

Бұдан бөлек, кездесу барысында қала құрылысы және сәулет саласындағы жобалау жұмыстары, сондай-ақ құрылыстың сейсмикалық төзімділігі бойынша тәжірибе алмасу сегментіндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

 

 

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі