Су тасқынына қарсы күреске атсалысып жүрген жауынгерлер ата-аналарымен кездесті

Су тасқынына қарсы күреске атсалысып жүрген жауынгерлер ата-аналарымен кездесті

Қарағанды гарнизонынан Солтүстік Қазақстан облысына әскери борышын өтеуге келген сарбаздар ата-аналарымен қауышты.

Қарулы күштер Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Ермиян Бятов солтүстік өңірлерге жұмыс сапары барысында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан сарбаздармен кездесті. 

Петропавлда бас қолбасшының орынбасары Қарағандыда орналасқан 31775 әскери бөлімі жауынгерлерінің ата-аналарымен тілдесті. Әскери қызметшілердің арасында Солтүстік Қазақстаннан шақырылған 20 мерзімді қызметтің сарбазы бар. Ата-аналарға ұлдарымен жолығып, командирлерімен сөйлесуге, сондай-ақ орналасқан жерлерін көріп, тұрмыстық жағдайымен танысуға мүмкіндік берілді.

– Су тасқыны қазақстандықтар үшін ауыр сынақ болды. Бұған армия да көмекке келді. Олардың қатарында әскерде жүрген біздің балаларымыз да бар. Командирлердің басшылығымен тұрғын үй алаптарын қарғын судан қорғау үшін қолдан келген көмектің бәрін жасауда. Осындай қиындықта көппен бірге күресіп жүрген сарбаздар мен командирлерге рахмет айтамын, – деді қатардағы жауынгер Данияр Балтабаевтың әжесі Сәуле Ыбыраева.

Қостанайда полковник Ермиян Бятов аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамымен кездесті. 99260 әскери бөлімінің жетпіс жауынгері Қостанай ауданы Тобыл қаласында және облыс орталығының «Колесные ряды» шағын ауданында бөгеттерді нығайтумен айналысты. Олар барлығы 35 мыңнан астам қап құм дайындап, төседі. Қазір олар су тасқынының салдарын жоюмен айналысуда.

Бұдан басқа 99260 әскери бөлімінің жеке құрамы су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін мемлекеттік материалдық резервтен бөлінген 3 мың керуетті тиеуге көмектесті. 

Қостанай мен Петропавлда өткен кездесулерде полковник Ермиян Бятов сарбаздарға әскери борышын адал орындағаны, алаңдаушылық танытып, көппен жұмыла еңбекке араласқаны үшін алғыс айтты. Құрлық әскерлері бас қолбасшысының атынан ол үздік әскери қызметшілерге алғыс хаттар, естелік сағаттар мен кітаптар табыс етті.