Ауған соғысының ардагері Батыс Қазақстан облысындағы десантшыларға барды

Ауған соғысының ардагері Батыс Қазақстан облысындағы десантшыларға барды

Қоғам қайраткері Бақытбек Смағұл су тасқынына қарсы күресіп жатқан десантшыларда болды.

"Qazaqstan ardagerleri" Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып жатқан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілерімен кездесті.

– Осындай сын сәттерде біздің қорғаушыларымыздың рухын көтеріп, оларға қажырлы жұмысы үшін алғыс айту маңызды. Сондықтан мен осында өздеріңмен біргемін. Орналасқан жерлеріңді көріп, жағдайларыңмен таныспақпын, – деді Бақытбек Смағұл сапарының мақсаты туралы.

Қоғам қайраткері мерзімді қызмет сарбаздарымен және келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен сөйлесіп, Теректі, Бәйтерек және Ақжайық аудандарында атқарылған жұмыстардың көлемін тексерді. Ол сондай-ақ жергілікті билік өкілдерімен де кездесті.

– Біздің жағдаймыз жақсы. Жайық өзенінің жағалауын нығайтып жатырмыз. Ауылдық округтердің әкімдіктері бізге қолайлы жағдай туғызды. Жергілікті тұрғындар біз үшін аптасына бірнеше рет монша жағады. Бізбен бірге бөгет салуға көмектеседі, – деп бөлісті 37-ші десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары подполковник Әсет Әубәкіров.

Бақытбек Смағұл әскери қызметшілерге өз өмірінен және Ауғанстандағы соғыс кезіндегі қызметі туралы әңгімелеп берді. Ардагер десантшылардың бір апта ішіндегі жағалауды нығайту жұмыстарының көлеміне тәнті болғанын атап өтті.

Ол әскери қызметшілерге кез келген уақытта халыққа көмекке келуге дайын болғаны үшін және олардың алдына қойылған міндеттерді сапалы орындағаны үшін шын жүректен алғысын білдірді.