Хорватия балалары үшін Қазақстанмен танысу ұйымдастырылды

Хорватия балалары үшін Қазақстанмен танысу ұйымдастырылды

Самобор, 2024 жылғы 4 сәуір – Қазақстанның Хорватиядағы Елшілігі «Балалар – үздік әлем үшін» қауымдастығымен бірлесе отырып, Самобор қаласының оқушыларына, ата-аналарына және мектеп оқытушыларына Қазақстанмен, оның тарихымен, мәдениетімен және географиясымен танысуға арналған іс-шара өткізді.

Елшілік ұйымдастырған еліміз туралы мультимедиялық таныстырылым, сондай-ақ хорват тілінде жарық көрген Алдар Көсе туралы қазақ ертегілерінің жинағының ұсынуы балаларды Қазақстанның рухани мұрасымен және халқымыздың бай тарихымен қолжетімді әрі қызықты түрде таныстыруға мүмкіндік берді.

Мәдени акция аясында қазақтың ұлттық киімі, Қазақстанның көрікті жерлері туралы бейнероликтер көрсетілді, сондай-ақ ақпараттық брошюралар мен туристік буклеттер және ұлттық кәдесыйлар қонақтарға таратылды. Сәндік-қолданбалы өнер заттары, фотокартиналар мен Қазақ асханасының дәстүрлі тағамдары қонақтарға Ұлы дала көшпелі халықтарының мәдениеті мен тұрмысын көрсетті. Көшпенділердің ғасырлар бойғы тарихы мен бай мұрасы Балқандарда үлкен қызығушылық тудырады.

Іс-шараға қатысушылар қазақстандық қонақжайлылықтың игі дәстүрлерін толығымен сезіне алды. Хорватиялық оқушыларға сыйлық ретінде қазақ халқының салт-дәстүрлері бейнеленген ашықхаттар мен қазақ ертегілері кітабтары таратылды.

«Балалар – үздік әлем үшін» Қауымдастығының басшылығы қазақстандық дипломаттарға алғысын білдіріп, Қазақстан Республикасына амандық пен өркендеуді тіледі.