Вашингтонда Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды

Вашингтонда Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды

Вашингтон, 2024 жылғы 26 наурыз – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Вашингтонға сапары аясында АҚШ Сауда өкілі Кэтрин Таймен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында Министр ҚР жаңа Үкіметінің басымдықтары, сауда қатынастарының ағымдағы серпіні және өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.

М.Нұртілеу Қазақстан АҚШ-тың сенімді сауда серіктесі екенін атап өтіп, сауда өкілін Астана Халықаралық форумына қатысуға шақырды.

К. ай Қазақстан экономикасының даму қарқынын жоғары бағалап, екіжақты ынтымақтастықты сындарлы тұрғыда қалыптастыруға бейілділігін атап өтті.

ДСҰ шеңберінде біздің еліміздің Америка Құрама Штаттарымен өзара іс-қимылының жоғары деңгейіне, сондай-ақ аталған ұйымға өңір елдерінің кіру бойынша Қазақстанның күш-жігерін қолдауға ерекше назар аударылды.

Тараптар ҚР мен өңірдің транзиттік-көліктік байланысын дамыту бойынша жоғары әлеуетті атап өтті.

Бұдан басқа, Қазақстан тарапының бастамасы бойынша Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы Сауда және инвестициялар жөніндегі негіздемелік келісім (TIFA) жөніндегі кеңестің алдағы отырысын Астана қаласында өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Әңгіме соңында тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы негізгі мәселелер бойынша диалогты жалғастыруға, сондай-ақ өңірлік жеткізу тізбегін нығайту үшін америкалық серіктестердің тәжірибесін қолдануға келісті.

Сонымен қатар, сапар барысында ҚР СІМ басшысының америкалық «Wabtec» компаниясының басшылығымен кездесуі өтіп, оның барысында көлік және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, Қазақстанда компанияның инженерлік орталығын ашу, сондай-ақ «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы бойынша оқитын студенттерге жұмыс тәжірибесін ұсыну перспективалары талқыланды.