Польша Премьер-министрінің кеңсесінде Қазақстан-Польша ынтымақтастығын тереңдету мәселелері талқыланды  

Польша Премьер-министрінің кеңсесінде Қазақстан-Польша ынтымақтастығын тереңдету мәселелері талқыланды   

Варшава, 2024 жылғы 26 наурыз – Қазақстанның Польшадағы Елшісі Әлім Кирабаевтың Польша Премьер-министрі кеңсесінің Халықаралық істер департаментінің директоры М.Латкевич-Павлякпен кездесуі өтті.

Кездесу барысында қазақстандық дипломатиялық миссия басшысы сұхбаттасушыны Қазақстан мен Польша ынтымақтастығының ағымдағы жағдайы мен басым бағыттары туралы хабардар етті.

Ерекше назар сауда-экономикалық қарым-қатынастарды арттыру мәселелеріне, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік маршрутының транзиттік мүмкіндіктерін белсенді іске қосу мәселелеріне аударылды.

Сонымен бірге, өзара тиімді ынтымақтастық негізінде ауыл шаруашылығы, азық-түлік және білім беру салаларында үлкен перспективалар бар екені атап өтілді.

Өз кезегінде, М.Латкевич-Павляк Қазақстан мен Польшаның транзиттік-көліктік әлеуетін іске асыруға мүдделілігін, сондай-ақ поляк бизнесі үшін қазақстандық нарықтың тартымдылығын растады.