Қазақстанның активтерді қайтару саласындағы күш-жігері Вена қаласында ұсынылды

Қазақстанның активтерді қайтару саласындағы күш-жігері Вена қаласында ұсынылды

Вена, 2024 жылғы 15 сәуір - Аустрияға жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков ЕҚЫҰ Экономикалық-экологиялық комитетінің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі сын-қатерлер мен мүмкіндіктер және сандық құралдарды тиімді пайдалану есебінен активтерді қайтаруға жәрдемдесу» тақырыбындағы отырысына қатысты.

Ведомство басшысы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңды және Активтерді қайтару комитетінің жұмысын таныстырды.

ЕҚЫҰ-ның елеулі үлесін атап өтіп, активтердің шығу тегі туралы мәліметтерді іздеу, жинау, өңдеу және талдау, сондай-ақ Комитет қызметкерлерінің әлеуетін арттыру саласындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты жүзеге асырудағы жетістіктер туралы ақпаратпен бөлісті.

Іс-шара аясында ЕҚЫҰ Экономикалық және экологиялық қызметінің үйлестірушісі Б. Жүсіповпен және ЕҚЫҰ Трансұлттық қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі үйлестірушісі Е. Купчинамен кездесулер өтті. Тараптар активтерді қайтаруды қамтамасыз етуге байланысты өзекті мәселелерді, оның ішінде Қазақстан мен Орталық Азияда кешенді жобаны іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Сапар аясында Н. Сүйіндіков БҰҰ-ның Вена алаңында бірқатар кездесулер өткізді. БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқық қорғау органдарының жаһандық жедел желісінің (GlobE) Үйлестірушісі Р.Захариевамен өткізген кездесуінде Желінің жаңа мүшесі ретінде Комитеттің GlobE Хатшылығымен одан әрі өзара әрекеттесуіне катысты мәселелер талқылады.

GlobE Желісіне қосылуға қолдауы үшін алғыс білдіре отырып, қазақстандық делегат Желі аясында бірлескен іс-шаралар және активтерді қайтару саласындағы мүше елдердің тиімді тәжірибесіне қатысты GlobE оқыту тренингтері мен сессияларын өткізу жөнінде ұсыныс білдірді.

БҰҰ ЕҚБ Аға кеңесшісі Т. Стилимен және Активтерді қайтару жөніндегі ашық құрамдағы жұмыс тобының үйлестірушісі С. Майнгастпен кездесуде тараптар БҰҰ-ның және Дүниежүзілік Банктің ұрланған активтерді (StAR) қайтару жөніндегі бастамасы шеңберіндегі тығыз ынтымақтастықты талқылап, Комитет өкілдерінің топ отырыстарына белсенді қатысу қажеттілігі атап өтілді.