Абай облысы ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданымен экономикалық байланысты нығайтуда

Абай облысы ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданымен экономикалық байланысты нығайтуда

Абай облысының делегациясы ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданына арнайы келіп, өңірлер арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайту мәселелерін талқылады. Делегация құрамында кәсіпкерлер, бизнес өкілдері және облыстық басқарма басшылары бар.

«Құрғақ порт» және «логистикалық парк» жобасын одан әрі дамытып, келісімдерге қол жеткізу үшін Абай облысы мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиясының Тарбағатай ауданы басшыларының кездесуі өтті.

«Дипломатиялық қатынас орнаған сәттен бастап, қазақ-қытай ынтымағы лайықты сыннан сүрінбей өтті. Биыл Абай облысы мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасында бауырлас байланыстар орнату туралы келісімге қол қойдық. Біздің елдер ортақ шекараны өзара достық нышанына айналдырды. Келісім шеңберінде биыл біз бірқатар бірлескен кездесулер өткізіп, белгілі бір уағдаластықтарға қол жеткіздік», - деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Бүгінде ҚХР елінің NFC кәсіпорны мен қазақстандық «KAZ Minerals» компаниясы бірлесіп жүзеге асырып жатқан мыс балқыту зауытының құрылысы маңызды жобалардың бірі болып табылады. Оның құны 2 миллиард долларды құрайды.

Абай облысы теміржол, авто, әуе және су көлігі артерияларының стратегиялық торабында орналасқан өңір. Аймақта ИКАО стандартына сай келетін халықаралық  әуежай бар. Абай өңірі ҚРХ мемлекетін Еуропа елдерімен байланыстыратын  «Аягөз-Тачэн» темір жолын, Құрғақ порт пен Ертіс өзені арқылы су көлігі бағытын құрып, транзиттік әлеуетті күшейтуге ниетті.

Нұрлан Ұранхаев өңірде бизнеске қолайлы әрі тиімді болуы үшін жергілікті атқарушы орган тарапынан инвесторларға барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті. 

«Бұл жобалар тауар айналымын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін. Жалпы, өңірге инвестиция тарту жөніндегі мәселенің маңыздылығын түсіне отырып, жергілікті атқарушы орган тарапынан бизнесті ыңғайлы әрі тиімді жүргізу үшін инвесторларға барлық қажетті қолдау көрсетілетін болады. Бұл дегеніміз – жергілікті кәсіпкерлермен бірлескен кәсіпорындар құруға жәрдемдесу, инвесторларды сүйемелдеу, үй-жайлар мен аумақтар беру, Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес, қолдаудың басқа түрлерін қарастыру», – деді әкім.

Айта кетсек, жиында Абай облысынык Үржар ауданы мен Қытай Халық Республикасы Шыңжаң-Ұйғыр автономиясының Тарбағатай аймағы Шағантоғай ауданы арасындағы өзара ынтымастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумның мақсаты – өнеркәсіпті, экономиканы, мәдениетті дамыту, сондай-ақ тәжірибе және ақпарат алмасу.