Қазақстан Солтүстік Еуропа мен Балтық елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Қазақстан Солтүстік Еуропа мен Балтық елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Астана, 2024 жылғы 22-23 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Финляндия Елшісі Сойли Макеляйнен-Буханистпен, Швеция Елшісі Ева Пуланомен және Латвия Елшісі Ирина Мангулемен кездесулер өткізді.

Сұхбаттар барысында Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Балтықтағы әріптестерімен саяси диалогты нығайту және экономикалық байланыстарды жандандыру мәселелері талқыланды.

Министрдің орынбасары фин елшісімен кездесуде Суомимен үкіметтік, іскерлік және сарапшы деңгейде белсенді екіжақты байланыстарды қолдауға бейілділігін білдірді. Бұл тұрғыда тараптар кезекті отырысы ү.ж. 11 сәуірде Астанада өтетін Қазақстан-Финляндия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының тиімділігін жоғары бағалады (ҮАК тең төрағалары – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев пен ФР Сыртқы сауда және даму министрі В.Тавио). Сондай-ақ дипломаттар сот және кеден органдарының өзара іс-қимылын ілгерілету жолдарын талқылады.

Швеция елшісімен кездесуде дипломаттар сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың оң динамикасын атап өтті. Швед бизнесінің Қазақстанда кеңеюі, алдыңғы технологияларды тарту және тәжірибе алмасу мәселелеріне көңіл бөлінді.

Тараптар медицина, ғылым және инновация саласында өзара сапарлар мен тәжірибе алмасуды құптады. Сондай-ақ, екіжақты құқықтық базаны кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.

Латвияның елшісімен кездесу аясында тараптар 2023 жылдағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың негізгі қорытындыларын шығарып, өзара іс-қимылдың қарқынына жоғары баға берді. Сұхбаттастар Қазақстан-Латвия қатынастарының өзекті мәселелерін жан-жақты талқылап, өзара іс-қимылдың тұрақты көліктік-логистикалық тізбегін құру және екі ел арасындағы сауда-инвестициялық әріптестікті арттыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.

Р.Василенко Латвиямен сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы ретінде сауданың оң серпінін одан әрі дамытуға барынша ықпал ететіндігін растады.

Жалпы, Министрдің орынбасары еуропалық елдерді Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға белсенді қатысуға шақырып, ҚР азаматтары үшін Еуропа одағының визалық талаптарын жеңілдету мәселесін ілгерілету шеңберінде жемісті өзара іс-қимылға мүдделілігін білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

Анықтама: Финляндия – Қазақстанның ЕО-дағы маңызды әріптесі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 208 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 3,06 млн, импорт – 205,1 млн). 2005 жылдан бері Финляндиядан Қазақстанға инвестицияның жалпы ағыны 409,5 млн АҚШ долларын құрады.

Швеция – Қазақстанның Еуропадағы басты сауда және инвестициялық әріптестерінің бірі. 2023 жылы екіжақты тауар айналымы 467 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 60 млн, импорт – 407 млн). 2005 жылдан бері Швециядан Қазақстанға тікелей инвестицияның жалпы ағыны 622 млн доллардан асты.

Латвия – Қазақстанның Балтық өңіріндегі елеулі әріптесі. 2023 жылы екіжақты тауар айналымы 76%-ға ұлғайып, 336 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 279 млн, импорт – 77 млн). 2023 жылдың үш тоқсанында Латвиядан Қазақстанға инвестицияның жалпы ағыны 12,4 млн АҚШ долларын құрады.