Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Вашингтонға сапармен барды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Вашингтонға сапармен барды

Вашингтон, 2024 жылғы 26 наурыз – Сапар барысында Қазақстан СІМ басшысы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен кездесу өткізіп, ҚР-АҚШ саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы кеңейтілген стратегиялық серіктестігінің үдемелі дамуын талқылады.

М.Нұртілеу Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының теңдестірілген сипатын атап өтіп, озық америкалық технологияларды тарту, екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту және өзара тиімді сауда қатынастарына қол жеткізу арқылы Қазақстанның көлік-логистикалық, инфрақұрылымдық және сауда-инвестициялық әлеуетін прагматикалық іске асыруға ерекше назар аударды. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 33%-ға артып, 4 млрд АҚШ долларын құрады.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары елдер арасындағы энергетикалық қауіпсіздік, маңызды минералдар, климат, бітімгершілік және т.б. салалардағы ынтымақтастыққа жоғары баға берді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың түбегейлі өзгерістер бағдарламасының дәйекті және жүйелі сипатын құптап, Вашингтонның оларды практикалық іске асыруға жан-жақты жәрдем көрсетуді жалғастыруға дайындығын атап өтті. Э.Блинкен «Америка Құрама Штаттары Қазақстанның көптеген жаһандық мәселелердегі шынайы көшбасшылығын мойындайды» деп атап өтті.

Сонымен бірге, тараптар «C5+1» диалогын кеңейту және өткен жылдың қыркүйек айында Нью-Йорк қаласында өткен осы форматтағы алғашқы саммиттің уағдаластықтарын іске асыру мәселелерін талқылады.

Вашингтонға сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу сондай-ақ АҚШ Сауда өкілі Кэтрин Таймен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында Министр ҚР жаңа Үкіметінің басымдықтары, сауда қатынастарының ағымдағы серпіні және өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.

М.Нұртілеу Қазақстан АҚШ-тың сенімді сауда серіктесі екенін атап өтіп, америкалық Сауда өкілін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

К.Тай Қазақстан экономикасының даму қарқынын жоғары бағалап, екіжақты ынтымақтастықты сындарлы тұрғыда қалыптастыруға бейілділігін атап өтті.

Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде еліміздің Құрама Штаттарымен өзара іс-қимылының жоғары деңгейіне, сондай-ақ аталған ұйымға өңір елдерінің кіру бойынша Қазақстанның күш-жігерін қолдауға ерекше назар аударылды.

Тараптар ҚР мен өңірдің транзиттік-көліктік байланысын дамыту бойынша жоғары әлеуетті атап өтті.

Бұдан басқа Қазақстан тарапының бастамасы бойынша Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы Сауда және инвестициялар жөніндегі негіздемелік келісім (TIFA) бойынша кеңестің алдағы отырысын Астана қаласында өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сұхбат соңында тараптар екіжақты және көпжақты форматта негізгі мәселелер бойынша диалогты жалғастыруға, сондай-ақ өңірлік жеткізу тізбегін нығайту үшін америкалық серіктестердің тәжірибесін қолдануға келісті.

Сонымен қатар сапар барысында ҚР СІМ басшысы америкалық «Wabtec» компаниясының басшылығымен кездесу өткізіп, оның барысында көлік және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, Қазақстанда компанияның инженерлік орталығын ашу, сондай-ақ «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы бойынша оқитын студенттерге жұмыс тәжірибесін ұсыну перспективалары талқыланды.

Дереккөз: ҚР СІМ