Ар-Рияд провинциясының губернаторымен екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Ар-Рияд провинциясының губернаторымен екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды

2024 жылғы 2 сәуірде Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Ар-Рияд провинциясының губернаторы, Биік Мәртебелі ханзада Фейсал бен Бандар бен Абделазиз Әл Саудпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Астана мен Ар-Рияд арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады. Бұл тұрғыда екі елдің әуекомпанияларының Астана-Ар-Рияд арасында тұрақты рейстерді тезірек ашудың маңыздылығы атап өтілді.

Елші Б.Арын ханзада Фейсал бен Бандар Әл Саудты Ар-Рияд қаласының ЭКСПО-2030 халықаралық көрмесін өткізу құқығына ие болуымен, сондай-ақ Корольдіктің 2034 жылы футболдан әлем чемпионатын өткізу орны болып сайлануымен құттықтады.

Сонымен қатар, Б.Арын Қазақстанның қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы әңгімелеп берді. Атап айтқанда, ол отандық және шетелдік кәсіпкерлер үшін қолайлы бизнес-ахуал жасау, Астана қаласын дамыту және абаттандыру бойынша Үкімет қабылдап жатқан шаралармен таныстырды.

Өз кезегінде ханзада Фейсал бен Бандар Қазақстанның Сауд Арабиясы үшін маңызды әріптес екенін атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, іскерлік байланыстарды жандандыруға және туристік ағымды ұлғайтуға септігін тигізетін қазақстандық тараптың екі елдің астаналары арасындағы байланыстарды нығайту және әуе қатынастарын ашу жөніндегі ұсыныстарын қолдады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Астана мен Ар-Рияд арасындағы байланыстарды тереңдету бойынша бірлескен күш-жігерді жалғастыруға келісті.

Қазіргі уақытта сауд астанасында ЭКСПО-2030 көрмесін өткізуге дайындық аясында «Қоғамдық көлікті дамыту бойынша Король Абделазиз атындағы жоба», «Жасыл Ар-Рияд», «Король Салман атындағы саябақ», «Спорт бульвары» және т.б. ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда.