ПШАМЫК Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі

ПШАМЫК Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі

2024 ж. 26 наурызда Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің (ПШАМЫК) Бас хатшысы Джасем Мұхаммед Әл-Будауимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ПШАМЫК Бас хатшылығы арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін, оның ішінде «Орталық Азия-ПШАМЫК» өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа форматы шеңберінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту жолдарын талқылады. Бұл ретте 2024 жылғы сәуірде Ташкент қаласында жоспарланып отырған «Орталық Азия – Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» Диалог алаңы форматындағы 2-ші министрлік отырысына дайындық барысына ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, Елші Бас хатшыны Қазақстандағы соңғы маңызды ішкі саяси және экономикалық оқиғалар, атап айтқанда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың төрағалығымен 2024 жылғы 15 наурызда Атырау қаласында өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбындағы Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысының негізгі қорытындылары туралы хабардар етті.

Өз кезегінде ПШАМЫК Бас хатшысы Дж.Әл-Будауи Кеңес пен Қазақстан арасындағы стратегиялық диалог қатынастарын нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, инвестиция, көлік және логистика, ғылым, мәдениет және т.б. басым бағыттарда Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық танытты.

Бүгінгі таңда ПШАМЫК Сауд Арабиясы, Кувейт, Оман, Қатар, Бахрейн және БАӘ сияқты араб елдерін біріктіретін қарқынды дамып отырған халықаралық ұйым болып табылады. ПШАМЫК елдері әлемдік экономиканың қаржылық резервтерінің 40% жинақтайды және әлемдік мұнай қорларының 40% ие.