Прагада «Welcome to Kazakhstan» туристік бизнес-семинары өтті

Прагада «Welcome to Kazakhstan» туристік бизнес-семинары өтті

Прага, 2024 жылғы 16 сәуір – Қазақстан Республикасының Чехиядағы Елшілігінде Қазақстанға келу туризмін ілгерілетуге арналған бизнес-семинар өтті. Іс-шараға жергілікті тұтынушыға Қазақстан бағытын ұсынуға мүдделі Чех туристік агенттіктерінің қауымдастығы мен чех туристік фирмалары қатысты. Қазақстан тарапынан «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ, SCAT әуекомпаниясы және Қазақстанда өз қызметтерін ұсынатын туристік компаниялар қатысты.

Бизнес-семинар қатысушыларына Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев сөз сөйледі. Ол Қазақстанның чех туристік нарығы үшін жаңа бағыт ретіндегі келешегін атап өтті, қатысушыларды ҚР Үкіметінің туризм индустриясын дамыту жөніндегі күш-жігерімен таныстырды және чех туроператорларын елге жеке келуге шақырды.

Гибридті форматта өткен іс-шара аясында «Kazakh Tourism» чех тарапының назарына Қазақстанның туристік әлеуеті туралы презентация ұсынды. SCAT әуекомпаниясы ү.ж. 22 мамырдан бастап аптасына екі рет жиілікпен ұшатын Астана-Прага тікелей рейсінің қайта басталғаны туралы, сондай-ақ әуекомпанияның топтық сапарларға арналған арнайы ұсыныстары туралы хабардар етті. Қазақстандық туроператорлар өздерінің мүмкіндіктері мен чех туристеріне ұсына алатын бағдарламалардың кең ауқымы туралы айтып берді.

Таныстырылымнан соң қазақстандық қатысушылар жергілікті туристік агенттіктерді қызықтыратын бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Іс-шара Чехияның туристік саласы өкілдерінің қызығушылығын тудырып, Қазақстанның айтарлықтай туристік әлеуеті бар екендігін көрсетті.