Чехияның Пльзень өлкесінде Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды

Чехияның Пльзень өлкесінде Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды

Прага, 2024 жылғы 5 сәуір – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Чехияның Пльзень өлкесіне сапармен барды. Сапар аясында өлке басшылығымен, өңірлік экономикалық палата, Škoda Transportation компаниясының, сондай-ақ Батыс Чехия университетінің өкілдерімен кездесулер өтті.

Пльзень өлкесінің гейтманы (әкім) Рудольф Шпотакпен әңгімелесу барысында Б.Дүйсенбаев сұхбаттасушыны елдің әкімшілік-аумақтық құрылымындағы өзгерістермен, республикадағы саяси және экономикалық реформалардың барысымен, өңірлерді дамытуға бағытталған шараларды іске асыру барысымен таныстырды. Қазақстандық өңірлермен ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері туралы жан-жақты пікір алмасу өтті.

Пльзень өлкесі Экономикалық палатасының басқарма төрағасы Петр Папежмен кездесу барысында чех тарапына Қазақстанның және оның жекелеген өңірлерінің инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Атап айтқанда, елдің бірегей географиялық жағдайы, ресурстардың байлығы және шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдаудың кең ауқымды шаралары атап өтілді. Осы тұрғыда Пльзень өлкесінің компаниялары Қазақстанда өндірістік қуаттарды орналастыру мүмкіндігін қарастыруға шақырылды.

Б.Дүйсенбаев сонымен қатар Škoda Transportation компаниясының басқарма төрағасы Петр Новотныймен кездесті. Келіссөздер барысында чех компаниясының Қазақстандағы қалалық және қала маңындағы қоғамдық көлікті жаңғырту жөніндегі жобаларға қатысу перспективалары талқыланды. П.Новотный қазақстандық дипломатты Қазақстанда Орталық Азия өңірі үшін компания өкілдігін ашу жоспарымен таныстырды. Б.Дүйсенбаев өз кезегінде Škoda Transportation басшысын 2024 Астана  халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Сапар аясында Б.Дүйсенбаевтың Батыс Чехия университетіне барды. Университеттің Вице-ректоры Петр Когоутпен және философия факультеті мен дизайн және өнер факультеттерінің декандарымен кездесулері өтті. Қазақстандық дипломат өңірлік білім беру хабын құру жөніндегі күш-жігер туралы хабардар етіп, чех әріптестерін университеттің Қазақстандағы филиалын ашу перспективаларын қарастыруға шақырды. БЧУ өкілдері өз кезегінде қазақстандық университеттермен жүріп жатқан ынтымақтастық туралы айтып, оның одан әрі дамуына қызығушылық танытты. Сонымен қатар, Б.Дүйсенбаев Батыс Чехия университетінің Дизайн және өнер факультетінде оқитын қазақстандық студенттермен кездесті.