ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Томск облысында болды

ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Томск облысында болды

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Томск облысына жұмыс сапарымен барды.

Облыс губернаторы Владимир Мазурмен кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың түрлі бағыттары талқыланды.

Жыл сайынғы өзара тауар айналымы орта есеппен 100 миллион долларды құрайды. Қазақстанның үлесіне аймақтағы жалпы тауар айналымының шамамен 10%-ы келеді. Томск облысы мұнай-газ секторында, машина жасауда, ағаш өңдеуде, химия және атом өнеркәсібінде басымдықтарға ие. Осыған байланысты Елші Томск кәсіпкерлерінің индустриялық бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды саласы білім беру саласы болып табылады. Жергілікті жоғары оқу орындары қазақстандықтар арасында танымал. Қазір мұнда 5,5 мыңнан астам жерлесіміз білім алуда. Бұл аймақтағы барлық шетелдік студенттердің жартысынан көбі (56%). Ресей Федерациясының барлық субъектілері арасында қазақ студенттерінің саны бойынша Томск облысы Мәскеуден кейін екінші орында және Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары үшін кадрлар даярлаудың жетекші орталығы болып табылады.

Томск және қазақстандық университеттер арасында 30-дан астам ынтымақтастық келісімі бар. Ең тиімді нысандардың бірі білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу және жүзеге асыру негізінде желілік өзара әрекеттесу болып табылады.

Елші Томск Үлкен университетінің білім беру мекемелерінің басшылығымен байланыстарды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Оның құрамына барлық жергілікті жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары кіреді.

Д.Абаев қазақстандық студенттермен бірге олардың білім алуының түрлі аспектілеріне тоқталып, оларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді, Томск мемлекеттік университетінде дәріс оқыды.

Сапар аясында Елші жергілікті қазақ қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерімен де кездесті. Қазір Томск облысында 1,3 мыңға жуық қазақ тұрады. Отандастармен кездесуде өзара іс-қимылдың түрлі аспектілері, ана тілін үйрену мәселелері және бірлескен гуманитарлық жобалар талқыланды.

Көрнекті қазақ ғалымы, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған іс-шараларға қатысу сапардың басты жоспары болды. Томск политехникалық университетінде өздерінің атақты түлегі туралы естелік сақталады. Геологтар аллеясында оның бюсті орнатылған, оқу ғимаратында атаулы аудитория ашылып, мұражайға арнайы бөлім бөлінген. Кейіннен ТПУ-дың көптеген түлектері Сәтбаевтың өзі ұйымдастырған Қазақстан Ғылым академиясындағы әріптестері мен серіктестері болды. Д.Абаев ғалымның бюстіне гүл шоқтарын қойып, мерекелік концертті тамашалады.