ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Челябі облысында болды

ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Челябі облысында болды

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Челябі облысына жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында «KazakhExport» АҚ аймақтық директоры Александр Цыганков, қазақстандық іскер топтар мен коммерциялық компаниялардың өкілдері болды.

Өңір губернаторы Алексей Текслермен кездесуде ынтымақтастықтың қазіргі деңгейіне жоғары баға берілді. 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 1,5 млрд долларды құрады. Челябі облысының сыртқы сауда қызметіндегі Қазақстанның үлесі шамамен 25% құрайды.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі кооперация оң динамика көрсетіп отыр. Челябілік шаруалардың былтырғы экспортының жартысынан астамы Қазақстанға жіберілді. Өз кезегінде, Оңтүстік Орал нарығында Қазақстаннан халық тұтынатын тауарлар мен тамақ өнімдерінің көптеген түрлері ұсынылған.

Кездесуге қатысушылар географиялық көршілестік пен қолданыстағы логистикалық инфрақұрылым ықпал ететін көлік-транзиттік әлеуетті дамытудың маңыздылығын атап өтті. Екіжақты байланыстарды жандандыруға қосымша серпін жақын арада Астана мен Челябі арасында тікелей әуе қатынасының қайта жандануы болады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өңіраралық байланыстар аясында, атап айтқанда, инвестициялық салада және өнеркәсіптік кооперацияда неғұрлым перспективалы бағыттар бойынша өзара іс-қимылды дәйекті түрде дамытуға келісті.

Сапар соңында Елші Челябі облысының Қазақстанда жобаларды жүзеге асыратын «КОНАР» АҚ, «ДСТ Урал» трактор зауыты, «Уралкран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Томин тау-кен байыту комбинаты сияқты кәсіпорындарында болды.