ҚР СІМ басшысы Минскіде ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты

ҚР СІМ басшысы Минскіде ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты

Минск, 2024 жылғы 12 сәуір – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына және «Орталық Азия – Ресей» форматындағы сыртқы саяси ведомстволар басшыларының жетінші кездесуіне қатысты.

ТМД СІМК отырысында министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарды теңестіріп, Достастық алаңындағы өзара іс-қимыл перспективалары туралы пікір алмасты.

Сыртқы саяси ведомстволар арасындағы серіктестікті жандандыру туралы іс-қимыл бағдарламасының орындалу барысы талқыланды және Достастық елдеріне жіберілетін делегациялардың құқықтық мәртебесі туралы конвенция мақұлданды.

Министрлер бірқатар бірлескен мәлімдемелерді, оның ішінде БҰҰ Бас Ассамблеясы жанында ТМД-ға бақылаушы мәртебесін берудің 30 жылдығына орай мәлімдеме қабылдады.

Минскідегі отырыстың қорытындысы бойынша Алматы қаласын 2026 жылы ТМД Спорт астанасы деп жариялау туралы шешімге қол қойылды.

Сол күні «Орталық Азия – Ресей» форматындағы сыртқы істер министрлерінің жетінші кездесуі өтіп, оның барысында өңірлік қауіпсіздік пен терроризмге қарсы күресті қамтамасыз ету бойынша күш-жігерді жандандырудың, сондай-ақ экономика, сауда, жасыл энергетика және экология, көлік, логистика, ғылым, білім және мәдениет салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың маңыздылығы аталып өтті.

Делегация басшылары күш-жігерді көпжақты өзара іс-қимылдың стратегиялық маңызды бағыттарына шоғырландыруға және өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволарының басшылары осы форматтағы жұмысты тұрақты негізде белсенді түрде жалғастыруға келісті.

Сондай-ақ, ТМД СІМК аясында Қазақстан мен Тәжікстан Сыртқы істер министрлері М.Нұртілеу мен Сироджиддин Мухриддиннің екіжақты кездесуі өтті. Сұхбат барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, өңірдегі ағымдағы ахуал бойынша пікір алмасты.

https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/749057?lang=kk