Мексикалық іскер топтар Қазақстанмен кең ынтымақтастыққа деген қызығушылықты растады

Мексикалық іскер топтар Қазақстанмен кең ынтымақтастыққа деген қызығушылықты растады

2024 жылғы 12 наурызда Мексика елордасында Қазақстан-Мексика бизнес-форумы өткізілді. Іс-шараны Қазақстанның Елшілігі мен еліміздің Гвадалахара қаласындағы Құрметті консулдығы Мексиканың Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Мексика министрліктері мен ведомстволары, елордалық мэрия, сауда-өнеркәсіп палаталары мен биржалар, бизнес-қоғамдастық және сараптамалық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен бизнес-форумның ортақ тақырыбы Қазақстан мен Мексика арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету және кеңейту, сондай-ақ осы жылдың маусым айында Қазақстан елордасында өтетін Астана халықаралық форумына қатысу болып табылды.

Мексикалық бизнес ірі компаниялар тұрғысында қатысты. Олардың қатарында тамақ өнеркәсібі мен телекоммуникация секторынан Халықаралық «Bimbo» тобы және «Salinas» корпорациясы секілді аса ірі компанияларды атап өтуге болады.

Қазақстандық статистика деректеріне сәйкес, 2023 жылы Мексика мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 500 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 150%-ға көп. Айта кету керек, соңғы бірнеше жылда екіжақты саудада тұрақты өсім байқалады.

Қазақстан Елшісі Тимур Пірімбетов форумда сөйлеген сөзінде Мексика нарығына қазақстандық экспортты ілгерілету, сондай-ақ екі елдің кәсіпкерлері арасында тікелей байланыс орнату мәселелеріне көп көңіл бөлді.

Сонымен қатар, шараға қатысушыларға Қазақстан Үкіметі тарапынан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған жаңа экономикалық саясатты іске асыру шеңберінде шетелдік инвестициялар ағынын ынталандыру, бизнес-ортаны және салық ахуалын жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту бойынша қабылданған шаралар туралы егжей-тегжейлі хабардар етілді.

Мексика СІМ Бас директоры Х.О. Трипп Вильянуэва өз сөзінде Қазақстан Мексиканың Орталық Азиядағы негізгі саяси және экономикалық серіктесі екенін ерекше атап өтті. Экономикалық байланыстарды дамыту туралы сөз қозғай отырып, жоғары дәрежелі мексикалық дипломат өзара қызығушылық тудыратын түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықтың үлкен әлеуетін атап өтті.

Мексика тарапының ағымдағы жылғы маусымда Астана халықаралық форумына қатысуы мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

2023 жылы форумға модератор ретінде қатысқан «BIVA» Мексика қор биржасының коммуникация директоры С.Леал Астана халықаралық форумының ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалап, Қазақстан елордасы бұл күндері әлемдік саясат пен экономиканың өзекті мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасу үшін жаһандық алаңға айналатынын ерекше атап өтті. С.Леал сондай-ақ Қазақстанда бизнесті жүргізу және тікелей шетелдік инвестицияларды тарту үшін ең қолайлы жағдайлар жасалғанына назар аударып, осы көрсеткіштер бойынша Қазақстан Еуропаның көптеген мемлекеттерінен алда тұрғанын атап өтті.

Талқылау барысында бизнес-форумға қатысушылар IT-индустрия, логистика және туризм салаларындағы ынтымақтастықты жолға қоюдың жақсы перспективаларын атап өтті. Мексикалық сарапшылардың пікірінше, осы салалардағы өзара іс-қимыл Қазақстан мен Мексика арасындағы қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстарға елеулі қосымша болады.

Жалпы, мексикалық кәсіпкерлер Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастық зор әлеует пен кең перспективаға ие екендігі жөнінде ортақ пікір білдірді.