Қазақстанның испан сарапшыларының назарындағы жетістіктері

Қазақстанның испан сарапшыларының назарындағы жетістіктері

Мадрид, 2024 жылғы 18 сәуір – Қазақстан Республикасының Елшісі Данат Мұсаев Қазақстанның геосаясаты мен геоэкономикасы мәселелеріне арналған Мадрид автономиялық университетінің Экономика және халықаралық қатынастар мектебі ұйымдастырған конференцияда сөз сөйледі.

Іс-шара халықаралық қатынастар, экономика және саясат саласындағы жетекші сарапшыларды, сондай-ақ университет студенттері мен оқытушыларын жинады.

Елші өз сөзінде еліміздегі ауқымды саяси реформалармен бірге оның өңірлік көшбасшы ретіндегі рөлін нығайтатын Қазақстанның экономикалық даму саласындағы жетістіктері туралы айтып берді.

Елші Қазақстанның Еуразия құрлығының орталығындағы Азия мен Еуропа арасындағы халықаралық сауда мен экономикалық байланыстарды дамытудағы негізгі ойыншылардың бірі ретіндегі стратегиялық жағдайын атап өтті. Д.Мұсаев Қазақстанның өңірлік интеграциялық бірлестіктердегі белсенді рөлін ерекше атап өтті.

Қазақстандық қоғамға тән дінаралық келісім мен толеранттылық, сондай-ақ Қазақстанда басталған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі талқылаудың жеке тақырыбы болды.

Іс-шара Испанияның жетекші жоғары оқу орындарында Елшілік ұйымдастырған Қазақстанның әлемдегі қазіргі рөлі туралы испан аудиториясының түсінігін тереңдетуге және білімін кеңейтуге бағытталған конференциялар мен «дөңгелек үстелдер» сериясы аясында өтті.