Қазақстан-Украина бизнес-форумы өтті

Қазақстан-Украина бизнес-форумы өтті

2023 жылғы 21 ақпанда Қазақстанның Украинадағы Елшісі Дархан Кәлетаев онлайн режимде өткен Қазақстан-Украина бизнес-форумына қатысты.

Шараны Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігінің қолдауымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Украинаның Сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырды.

Шараға Қазақстан мен Украинаның түрлі аймақтарынан 140 қатысушы, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдардың басшылары тіркелді.

Іс-шараға қатысушылар екіжақты ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін, іскер топтар мен мемлекеттік органдар арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың практикалық аспектілерін онлайн форматта талқылай алды.

Шара барысында «Атамекен» ҰКП басшылығының, Украинаның Сауда-өнеркәсіп палатасының, Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің, Украина Энергетика министрлігінің, Украинаның Аграрлық саясат министрлігінің, Украинаның Қауымдастықтар, аумақтар және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің, екі елдің бизнес өкілдері мен бизнес-қауымдастық топтарының машина жасау, отын-энергетика кешені, телекоммуникациялар, логистика және құрылыс, тамақ өнеркәсібі және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша баяндамалары тыңдалды.

Қазақстан Елшісі Д.Кәлетаев Қазақстан-Украина экономикалық ынтымақтастығының перспективті бағыттарын және іскер топтардың ынтымақтастық орнатуға жоғары қызығушылығын атап өтті.

Шара нәтижесінде екі елдің іскер топтарының ұсыныстары мен мүдделерін ескере отырып, «Атамекен» ҰКП мен Украинаның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында Жол картасын әзірлеу туралы келісімге қол жеткізілді.