Қазан қаласында Қазақстан мен Татарстан арасындағы ғылыми ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Қазан қаласында Қазақстан мен Татарстан арасындағы ғылыми ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Қазан, 2024 жылғы 13 наурыз – Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы Ерлан Ысқақов Татарстан Республикасының Ғылым Академиясының Президенті Рифкат Миннихановпен ғылыми ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Татарстан Ғылым Академиясының миссиясы, қалыптасу тарихы мен даму кезеңдері, сондай-ақ іске асырылып жатқан жобалармен таныстыру ұйымдастырылды. Республика үшін табысты жобалардың ішінде негізгі мұнай-химия кластеріндегі ғылыми жетістіктерді, математика, механика және машинатану, археологиялық қазба және т.б. салалардағы іргелі сипаттағы зерттеулер мен қолданбалы әзірлемелерді ерекше атап өтуге болады.

Тараптар халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстан мен Татарстан Ғылым академиялары делегацияларының өзара сапарларымен алмасу қажеттігін атап өтті. Жақын арада жетекші отандық және шетелдік мамандарды шақыра отырып, «Далалық Еуразия халықтарының тарихы мен мәдениеті: дәстүрлердің бастауы мен мәдениеттердің алуан түрлілігі» атты Халықаралық ғылыми конференция өткізу ұсынылды. Конференция Татарстан Ғылым Академиясының жанындағы далалық Еуразияны зерттеудің Халықаралық орталығын құру бойынша шаралар кешенінің шеңберінде өткізілетін болады. Орталықтың басты мақсаты ретінде жетекші ғылыми ұйымдарды біріктіру белігленген. Кездесу аясында қазақстандық және татарстандық авторлардың антологиясын шығару және Қаныш Сәтбаевтың 125-жылдығын атап өту тақырыптарына қызығушылық танытылды.

Қазақстанның Бас консулы мен Татарстан Ғылым Академиясының Президенті Қазақстан мен Татарстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық шеңберінде бірлескен жобаларды іске асыруға одан әрі жәрдемдесуге өзара ниет білдірді.

Кездесуге ТР Ғылым академиясының вице-президенті Айнур Тимерханов, Ш.Маржани атындағы тарих институтының директоры Радик Салихов, Татар энциклопедиясы және аймақтану институтының директоры Искандер Гилязов және Г.Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институты директорының орынбасары Олег Хисамов қатысты.