Пәкістан астанасының басшылығы Астанамен ынтымақтастықты дамытуға ниетті

Пәкістан астанасының басшылығы Астанамен ынтымақтастықты дамытуға ниетті

Исламабад, 2024 жылғы 19 сәуір – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Астананы дамыту басқармасының төрағасы (әкімі) Анвар ул-Хакпен кездесті.

Тараптар Астана мен Исламабад арасында экономикалық ынтымақтастық, қала құрылысы, инфрақұрылым және абаттандыру, мәдени алмасу және туризм салаларында тәжірибе алмасу сияқты түрлі салалардың кең ауқымын қарастыра отырып, ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылады.

Елші Е.Қыстафин қазіргі Қазақстан-Пәкістан күн тәртібіне тоқтала келе, аймақтық жергілікті билік деңгейіндегі байланыстарды кеңейтуге баса назар аударды. Ол Астана мен Исламабадтың астаналық биліктері арасындағы диалогты нығайтудың айтарлықтай әлеуетін атап өтті.

Өз кезегінде Исламабад басшысы Астанамен ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік танытып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өлшемдерді басымдықтар ретінде атап өтті. Ол бірінші қадам ретінде әлеуетті салалар мен бірлескен жобаларды анықтау үшін онлайн келіссөздер ұйымдастыруды ұсынды.

Анвар ул-Хак Қазақстан дамуының әлеуметтік моделіне де қызығушылық танытып, еліміздің этносаралық және конфессияаралық диалогты нығайтудағы жетістіктерін атап өтті.