Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтары мен демократиялық процестері көпжақты Женеваның назарында

Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтары мен демократиялық процестері көпжақты Женеваның назарында

Женева, 2024 жылғы 26 ақпан – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Женеваға сапар аясында халықаралық ұйымдардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесуде ағымдағы жаһандық сын-қатерлер, Орталық Азия елдері арасындағы өңірлік кооперацияны тереңдету, сондай-ақ Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму жөніндегі Өңірлік орталығын құру бастамасы талқыланды. Сондай-ақ, Министр БҰҰ Бас хатшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың шілде айында Қазақстанда өтетін ШЫҰ Саммитіне шақыруын табыс етті.

А. Гутерриш шақыру хат үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның орнықты дамуды ілгерілету және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мәселелеріндегі, оның ішінде ШЫҰ және АӨСШК сияқты өңірлік ұйымдар аясындағы күш-жігерін жоғары бағалады.

Қазақстан СІМ басшысы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюркпен бірге еліміздің адам құқықтары жөніндегі кеңестегі жемісті жұмысын, сондай-ақ Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары мен АҚЖКБ ұсынымдары шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды талқылады.

Ф.Тюрк еліміздегі іске асырылып жатқан демократиялық өзгерістерге оң баға беріп, Қазақстан мен оның Басқармасы арасындағы техникалық ынтымақтастықтың басталуын құптады. Ол еліміздің құқық қорғау жүйесін одан әрі нығайту мақсатында ҚР Президентінің алға қойған міндеттерін тиімді іске асыру бойынша бірлескен жұмысты шоғырландыруды қолдады.

Сонымен қатар, Министр М. Нұртілеу адам құқықтарын ілгерілету мен қорғау Қазақстанның демократиялық және гүлденген қоғам туралы көзқарасының ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселелер Президент Қ.Тоқаевтың соңғы жылдары жүргізіп жатқан реформаларының негізі.

ДДҰ Бас директоры Тедрос Гебрейесуспен кездесу барысында ынтымақтастықтың белсенді деңгейі, сондай-ақ дүниежүзілік денсаулық сақтау кеңсесі басшысының 2023 жылдың қазан айында Қазақстанға Медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша жаһандық конференцияға және ұйымның Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясына қатысу үшін алғашқы ресми сапары аталып өтті.

Тараптар Мемлекет басшысының алғашқы медициналық-санитариялық көмек коалициясын құру жөніндегі бастамасын ілгерілетуге байланысты мәселелерді талқылады.

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Бас директоры Дарен Тангқа Министр Қазақстан Президентінің елдегі креативті экономиканы кеңейтуге жағдай жасау жөніндегі тапсырмасы туралы хабардар етті. Осы тұрғыда зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Тараптар өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары ретінде ДЗМҰ мен қазақстандық жоғары оқу ұйымы арасында қос дипломмен магистрлік бағдарлама ашуды, ұйым тарапынан техникалық көмек көрсетуді айқындады.

Сол күні Қазақстанның Сыртқы істер министрі М.Нұртілеу Индонезияның Сыртқы істер министрі Ретно Марсуди, Вьетнамның Сыртқы істер министрі Буй Тхань Шон, Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Фейсал әл-Сауд, Швейцарияның Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассис, Албанияның Сыртқы істер министрі Игли Хасани және Грузияның Сыртқы істер министрі Илья Дарчиашвилимен екіжақты келіссөздер жүргізді.

Тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен одан әрі даму перспективаларын, оның ішінде халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара қолдауды талқылады. Сонымен қатар, БҰҰ күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша бастамаларды бірлесіп ілгерілетуді қоса алғанда, Адам құқықтары жөніндегі кеңес шеңберіндегі қызметтің негізгі аспектілері қаралды.