Қазақ Елшісі Вьетнамның Хо Ши Мин академиясының басшылығымен кездесті

Қазақ Елшісі Вьетнамның Хо Ши Мин академиясының басшылығымен кездесті

Ханой қаласы, 2024 жылғы 22 ақпан – Қазақстанның Елшісі Қанат Тумыш, Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Хо Ши Мин атындағы Саясат жөніндегі ұлттық академиясының директоры Нгуен Суан Тхангпен кездесті.

Жүздесуде Академиямен ынтымақтастықты күшейту аясында қол жеткізілген келесі уағдаластықтарды атап өткен жөн:

  1. Академия қазақстандық институттармен ғылыми зерттеулер, ақпарат алмасу, сондай-ақ кадрлар даярлау (соның ішінде басшылық лауазымдарға) саласындағы іс-қимылын арттырмақ. Осы орайда, ол осы бағыттағы еліміздің аса маңызды рөл ойнайтын мекеме - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтымен (ҚСЗИ) әріптестік байланыс орнатпақ.
  2. Вьетнам тарапы тәжірибе алмасу, кадрлар даярлау перспективаларын талқылау және мемлекеттік қызметшілерді оқыту, оның ішінде арнайы оқу курсттары мен тағылымдамадан өту бойынша бірлескен күш-жігерді үйлестіру мақсатында ү.ж. сәуірде немесе мамырда Нгуен Суан Тханг мырза басқаратын ресми делегациясын Қазақстанға жұмыс сапарымен жібермек.
  3. Академия директоры Вьетнам Коммунистік партиясы Саяси бюросының мүшесі болғандықтан, ол Партия көшбасшыларының бірі ретінде сапар барысында ҚР Парламенті және «AMANAT» партиясының басшылығымен кездесулер өткізбек.
  4. Вьетнам тарапы, ТМҰ елдерінің Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығымен (АСЕАН) ынтымақтастығын жандандыру мәселесін қазақстандық әріптестерімен талқыламақ. Осы мақсатта қос тарап, әрі АСЕАН-ға, әрі ТМҰ-ға Вьетнам-ҚХР-Қазақстан-Әзербайжан-Түркия-Еуропа бағыты бойыша транзиттік-көліктік және мультимодальды-логистикалық әлеуетін барынша дамыту және арттыру үшін Халықаралық Транскаспийлік көлік бағытын («Орта дәлізді») пайдалану өте маңызды болар еді деген ортақ ойға келіп, осы бағытта дер кезінде нақты іс-әрекетке көшу керек деп келісті.

Кездесу екіжақты қарым-қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жылы, достас ахуалда өтті.