Мысыр бизнесі Қазақстанға келеді

Мысыр бизнесі Қазақстанға келеді

Каир, 2024 жылғы 4 сәуір – Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігі мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ өкілдері Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Іскерлік кеңеске енгізілген ірі мысырлық компаниялардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Шара барысында қатысушылар Қазақстан мен Мысыр инвестициялық, сауда-экономикалық мүмкіндіктерін талқылады.

Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Қайрат Лама Шариф Мысырдың барлық араб елдері арасындағы ең ірі үш экономиканың бірі және Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру үшін жоғары әлеуетке ие екенін атап өтті. Ол тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін ескере отырып, көптеген қазақстандық дайын азық-түлік өндірушілерінің 105 миллионнан астам халқы бар Мысыр нарығына шығуға мүдделі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан Елшісі Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы маңызды инвестициялық тартымдылығы мен рөлін атап, мысырлық компанияларды Қазақстанның кәсіпорындарымен ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауының негізгі бағыттары туралы хабардар етіп, аталған Жолдаудың толық мәтіні бар брошюраларды табыс етті.

Іс-шара барысында қатысушылар назарына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырылды. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ араб елдеріндегі ресми өкілі Құрманғали Аманқосов инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары мен инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктері туралы айтып берді.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел аясында Raslan Group, Zaher Group, Tawoos Clinic, Daltex Corp сияқты компаниялармен бірқатар екіжақты кездесулер өтті және олардың барысында ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, туризм, медицина және т.б. салалардағы ынтымақтастық жолдары талқыланды.

Дөңгелек үстел нәтижесінде мысырлық кәсіпкерлер 2024 жылдың екінші жартысында Қазақстанға ірі бизнес миссиясын жіберу туралы шешім қабылдады және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен Мысырдың халықаралық ынтымақтастық жөніндегі іскерлік кеңесі арасындағы ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойды.