Мысыр СІМ Қазақстанның Палестинаға гуманитарлық көмек көрсету туралы шешімін құптайды

Мысыр СІМ Қазақстанның Палестинаға гуманитарлық көмек көрсету туралы шешімін құптайды

Каир, 2023 жылғы 30 қарашаЕлші Қайрат Лама Шариф Мысыр СІМ Палестина істері департаментінің директоры Елші Иман әл-Банхауимен келіссөздер жүргізді.

Кездесудің мақсаты Газа секторындағы жағдайдың күрт нашарлауына байланысты Қазақстанның Палестинаға қосымша гуманитарлық көмек көрсету мәселесін талқылау болды. Көмек Мысырдың Солтүстік Синай провинциясында орналасқан Әл-Ариш халықаралық әуежайы арқылы жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

Әңгімелесу барысында қазақстандық дипломат Қазақстан бұған дейін Газа тұрғындары үшін бір миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмекті БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы Палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмысты ұйымдастыру жөніндегі агенттігіне (UNRWA/БАПОР) жібергенін атап өтті. Мысыр тарапына Қазақстанның қақтығыс басталғаннан бері қарсылас тараптар гуманитарлық үзіліс жариялап, оны ұзақ мерзімді реттеу шараларын әзірлеуге пайдалану үшін барлық күш-жігерін жұмсауы қажет деген ұстанымда болғандығы туралы хабарланды. БҰҰ-ның қолдауымен халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтай отырып, «екі халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде палестиндіктердің толыққанды мемлекет құру құқығын қамтамасыз ету қажеттілігі атап өтілді.

Өз кезегінде Елші Иман әл-Банхауи Газа секторының тұрғындарына қосымша гуманитарлық көмек көрсету туралы шешімі үшін Қазақстан басшылығына жылы лебізін білдірді. Газа секторы мен Мысыр шекарасындағы «Рафах» бақылау-өткізу пункті арқылы гуманитарлық көмек автомобиль конвойларының жөнелтілуі жалғасып жатқанын атап өтті. 30 қарашаға дейін әл-Ариш халықаралық әуежайына 22 ел мен 11 халықаралық ұйымнан гуманитарлық жүк тиеген 155 ұшақ келді. Халықтың негізгі гуманитарлық көмекке қажеттілігі артып келеді. БҰҰ Газа секторына күніне кемінде 100 гуманитарлық көмек жүк көлігі қажет деп есептейді.

Газа секторындағы күрделі гуманитарлық жағдайды ескере отырып, Елші Қ.Лама Шариф Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын гуманитарлық көмек көрсетудің қосымша құралы ретінде пайдалануды ұсынды.