Қазақстан мен UNRWA Газа секторындағы жағдай туралы ақпарат алмасты

Қазақстан мен UNRWA Газа секторындағы  жағдай туралы ақпарат алмасты

Каир – 2023 жылғы 17 қазанда Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Қайрат Лама Шариф БҰҰ-ның Сириядағы, Ливандағы, Батыс жағалаудағы және Газа секторындағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігінің Каирдегі кеңсесінің басшысы (UNRWA) Сахар әл-Джобуримен кездесу өткізді.

Қазақстандық дипломат біздің еліміз ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптайды. Біз БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің кепілге алынған адамдарды алдын ала шартсыз дереу босату және гуманитарлық көмекке кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттілігі туралы үндеуін қолдайтынымызды атап өтті. Мұндай жағдайда халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Палестина халқының заңды құқықтарын көздейтін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларын орындау өте маңызды. Зорлық-зомбылық әрекеті қайта зорлық-зомбылықты тудырады және Таяу Шығыс пен бүкіл әлем үшін сөзсіз қайғылы салдарға алып келеді.

Қазақстан Газа секторының тұрғындарын эвакуациялау үшін белгіленген мерзімдерді алып тастау және қақтығыстың кепілдеріне айналмауы тиіс бейбіт тұрғындардың толық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап еткен халықаралық қоғамдастықпен ниеттестік білдіреді. 

Бұл ретте Қайрат Лама Шариф Газа секторындағы Қазақстан азаматтарының жағдайы туралы хабардар етті. Қазақстан Республикасының Мысырдағы және Иорданиядағы Елшіліктері қақтығыс аймағында орналасқан біздің азаматтармен байланыста. Отандастармен байланыс үшін ағымдағы контактілер тұрақты түрде жаңартылып отырады. Газа секторынан отандастарымыз бен олардың отбасы мүшелерінің Рафах бақылау-өткізу бекеті арқылы Мысырға өтуі мүмкін деген мәселе бойынша жергілікті билікпен келіссөздер жүргізілуде. Каирде тіркелген 45 елдің елшіліктері де осындай келіссөздер жүргізуде.

Сахар әл-Джобури өз сөзінде: «жарты ғасыр ішінде Агенттік БҰҰ-ның ең ірі бағдарламаларының біріне айналды, онда 26 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Агенттік (UNRWA - Біріккен Ұлттар Ұйымының Таяу Шығыстағы Палестиналық босқындарға көмек және жұмыс жөніндегі агенттігі) босқындар мәселесінің әділ шешімі табылмайынша Газа секторындағы палестиналық босқындардың адами әлеуетін нығайтуға көмектеседі» - деді.