Брюссельде Қазақстанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндіктеріне арналған бизнес-форум өтті

Брюссельде Қазақстанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндіктеріне арналған бизнес-форум өтті

Брюссель, 2024 жылғы 12 наурыз – Қазақстанның Брюссельдегі Елшілігі, сондай-ақ «BEСI» (Брюссель) және «BeNеLux» (Астана) сауда-өнеркәсіп палаталарының, ұйымдастыруымен Қазақстанның, Бельгия мен Люксембургтің 60-тан астам ресми және кәсіпкерлік өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Бельгия бизнес-форумы өтті.

Іс-шараның барысында Қазақстанның Елшісі Марғұлан Баймұхан Бельгия біздің экономикамызға ең ірі инвесторлардың бірі екенін атап өтті. Соңғы 30 жылда тікелей инвестиция көлемі 11 млрд АҚШ доллардан асты және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Оның үстіне соңғы жылдары сауда көлемі тұрақты өсуде. Бүгінгі таңда Қазақстан нарығында бельгиялық капиталдың қатысуымен 70-тен астам компания жұмыс істейді.

Осы ретте Бельгияның Астанадағы Елшісі Анри Вантигем Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы маңызды рөлін атап өтіп, бельгиялық компанияларды Қазақстандағы кәсіпкерлік субъектілерімен ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндігін қарастыруға шақырды.

Бизнес-форумның барысында қатысушылар ҚР-дің инвестициялық мүмкіндіктерімен, сондай-ақ қазақстандық өнімдердің Еуропа нарығына экспорттау әлеуетімен таныстырылды.

Сонымен қатар, қазақстандық «Qazbiopharm» және «Batys Wood Works» компаниялары фармацевтика және құрылыс салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы айтты.

Іс-шараның аясында, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен бельгиялық «Ahlers» көлік-логистикалық компаниясы, сондай-ақ «BenеLux» сауда палатасы мен «MEUWISSEN» заң фирмасы араларында ынтымақтастық туралы екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Анықтама: Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 523,7 млн АҚШ долларды құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда (514,9 млн АҚШ доллар) 1,7%-ға жоғары. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Бельгиядан Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция көлемі 1,560 млрд АҚШ долларын құрады. 2023 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан-Бельгия» Іскерлік кеңесі құрылды.