Брюссельде маңызды шикізат пен «жасыл» сутегі саласындағы Қазақстан - Еуропалық Одақ стратегиялық әріптестігі талқыланды

Брюссельде маңызды шикізат пен «жасыл» сутегі саласындағы Қазақстан - Еуропалық Одақ стратегиялық әріптестігі талқыланды

Брюссель, 2024 жылғы 5 наурыз – Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі Елшілігі маңызды шикізат материалы, «жасыл сутегі» және аккумуляторлық батареялар саласында Қазақстан-Еуропалық Одақ ынтымақтастығының перспективаларына арналған кезекті форум ұйымдастырды.

Іс-шараға Еуропалық Одақтың негізгі институттарының, Бельгия Корольдігінің, халықаралық ұйымдардың 60-қа жуық жоғары лауазымды өкілдері, сондай-ақ ЕО-ға мүше мемлекеттердің Тұрақты өкілдері мен жергілікті іскер топтар қатысты.

Панельдік сессияда ҚР Президентінің энергетика жөніндегі кеңесшісі Б. Ақшолақов, Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша басқарушы директорының орынбасары Л. Девинь, Еурокомиссияның Энергетика Бас директораты (DG ENER) басшысының орынбасары   М. Болдуин, Ішкі нарық, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және шағын орта кәсіпорындар Бас директоратының (DG GROW) басқарма басшысы П.Хэндли, Халықаралық ынтымақтастық және даму Бас директоратының (DG INTPA) басқарма басшысы С. Риналди, «Svevind Energy Group» бас директоры В. Кропп және «Hydrogen Europe» қауымдастығының бас директоры Й. Чацимаркакис сөз сөйледі.

ҚР Президентінің кеңесшісі Б. Ақшолақов өз сөзінде «жасыл» және цифрлық трансформациялардың ортақ мақсаттарына қол жеткізудің  маңызды құралы ретінде тұрақты Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы шикізат, батареялар және «жасыл» сутегінің құн тізбектерін құру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы меморандумның маңыздылығын атап өтті.

 «Бұл серіктестік халықаралық ынтымақтастық үшін тамаша үлгі болып табылады және Қазақстан мен Еуропалық Одақтың климаттық бейтараптық пен цифрлық инновацияның өршіл мақсаттарына жетуге маңызды үлес қосады. Меморандумға қол қойылғаннан бері еуропалық институттардың, инвесторлардың қызығушылығы жоғары деңгейде және біздің қарым-қатынастарымыз осы деңгейде жалғасатынына сенімдімін», - деді Б.Ақшолақов.

Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі басқарушы директорының орынбасары Л.Девинь Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынастардың дамуын жоғары бағалап, оны «ынтымақтастықтың табысты үлгісі» деп атады. Ол ЕО-ның маңызды жеткізу тізбегінің тұрақтылығын және жалпы климаттық мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ету арқылы ынтымақтастықты нығайтуға дайындығын да атап өтті.

DG ENER басшысының  орынбасары М.Болдуин ЕО-ның энергетиканы әртараптандыру саласындағы тәжірибесімен бөлісуге дайындығын  білдіріп,  осы сала бойынша нақты міндеттемелер 2024 жылы өтуі  жоспарланған ОА-ЕО саммиті барысында жарияланатынын мәлімдеді.

Іс-шара аясында маңызды шикізат материалдары бойынша Брюссельде ашылған «Kazakh Invest» кеңсесінің жұмысы таныстырылды.

Анықтама: Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы шикізат, батареялар және «жасыл» сутегінің құн тізбектері саласындағы стратегиялық әріптестік туралы меморандумға 2022 ж. қарашада қол қойылды. 2023 ж. тараптар осы меморандумды іске асыру бойынша жол картасын қабылдады.

Меморандум маңызды шикізатns  жеткізу тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз ету,  «жасыл» сутегі мен  жаңартылатын энергия саласындағы ортақ жобаларды дамытуға  үлес қосу мақсатында  ҚР мен ЕО арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетеді.