Қазақстан мен Германия ресурстық-өнеркәсіптік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге дайын

Қазақстан мен Германия ресурстық-өнеркәсіптік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге дайын

Берлин, 2024 ж. 12 сәуір. Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы күні Берлинде екі ел арасындағы шикізат, технологиялық және өнеркәсіптік салалардағы экономикалық қатынастардың жағдайы мен даму перспективалары талқыланды.

«Қазақстан-Герман ресурстық кооперациясы – неміс саясатының, экономикасы мен ғылымының көз-қарасы» тақырыбындағы іс-шараға неміс мемлекеттік органдарының, ғылыми және сараптамалық топтардың, іскерлік қауымдастықтардың, компаниялар мен БАҚ-тың 100-ге жуық өкілі қатысты.

Атап айтқанда, іс-шараның ашылуында Бундестаг депутаты Манфред Грунд, Федералды экономика және климатты қорғау министрлігінің ресурстық саясат, шикізат тиімділігі және дөңгелек экономика басқармасының басшысы Сюзанне Чек-Кундуруз, «Фрайберг тау-кен академиясы» техникалық университетінің ректоры Клаус-Дитер Барбкнехт сөз сөйледі.

Подиумдық талқылауға Германия ресурстар агенттігінің (DERA) басшысы Петер Буххольц, Германия экономикасы шығыс комитеті президиумының мүшесі Манфред Грундке, шетелдік тау-кен және халықаралық шикізат қызметі қауымдастығының (FAB) атқарушы директоры Мартин Ведиг және HMS Bergbau AG компаниясының басқарма төрағасы Деннис Швиндт қатысты.

Қатысушылар «технологияға шикізатты айырбастау» формуласы бойынша өзара тиімді екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бағытталған елеулі мүмкіндіктерді атап өтті.

Ол үшін барлық қажетті алғышарттар мен қолайлы негіздемелік жағдайлар жасалған.

Қазақстан Германияның энергетикалық және шикізаттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде көпжылдық сенімді әріптес болып қана қоймай, сонымен қатар неміс экономикасының тасымалдау тізбегі мен өндірісін әртараптандыру мақсатында тасымалдауды одан әрі ұлғайту үшін айтарлықтай резервтерге ие.

Өз кезегінде, Германия Қазақстанның индустрияландыру және өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға белсенді қатысады. Неміс инвестицияларының 90% - дан астамы өңдеу секторына бағытталған.

Сарапшылар екі ел экономикаларының өзара толықтыратындығын атап айтты. Бұл тауар айналымы мен инвестициялардың қарқынды өсуінен көрінетін іскерлік байланыстарды одан әрі жақындастыруға және нығайтуға әкелмек. Неміс статистикасына сәйкес, 2022 жылы екіжақты сауда көлемі іс жүзінде 10 миллиард еуроға жетті.

Қазақстандық деректерге сәйкес, 2023 жылы неміс инвестицияларының көлемі де 770 млн АҚШ долларын құраған.

Диалог барысында іс-шараға қатысушылар ынтымақтастықты одан әрі тереңдету бойынша бірқатар нақты идеялар мен ұсыныстарды қарастырды.

Жалпы, талқылау қорытындысында, Германиялық тарап Қазақстандағы өнеркәсіптік, технологиялық және шикізат салаларындағы жаңа жобаларды іске асыруға мүдделілігін растады.

Іс-шараны ҚР-ның Германиядағы Елшілігі Германия экономикасының Шығыс комитетімен, "Фрайберг тау-кен академиясы" Техникалық Университетімен және Саксония федералды жерінің өкілдігімен бірлесіп ұйымдастырды.