Триполиге сапар және Мәмлүктердің мұрасы

Триполиге сапар және Мәмлүктердің мұрасы

27 ақпанда Қазақстан Елшісі Расул Жұмалы Ливанның екінші ірі қаласы, сонымен бірге рухани орталығы саналатын Триполиге арнайы жасалған ұжымдық сапарға қатысты. Ливанның Мәдениет министрі Мұхаммед Муртада мен Экономика және сауда министрі Ахмад Салам ұйымдастырған шара аталған шаһарды араб әлемінің мәдени астанасы деп жариялауы аясында өткізілді. Оған жергілікті әкімшілік басшысы, шығармашыл зиялы қауым, парламент депутаттары, сондай-ақ Ливандағы араб елдері елшіліктерінің басшылары қатысты. Айта кету керек, келелі басқосуға араб емес мемлекеттердің ішінен тек Қазақстан ғана қатысу мәртебесіне ие болды. Келтірілген жәйт  біздің елдер арасындағы ерекше жылы қарыма-қатынастарды айғақтай түседі.

Сапар барысында меймандар Триполидің бірегей тарихи мұрасымен, оның әр кезеңдегі тамаша сәулет өнерімен, сондай-ақ қазіргі өмірімен танысты. Назар аударалығы - қаланың тағдырына Араб шығысында өз билеуші ​​элитасын құрған және Қазақ даласынан шыққан мәмлүктер зор әсер етті. Соның ішінде даңқты бабамыз Сұлтан Әз-Захир Бейбарыс 1263 жылы крестшілер бекінісін басып алып, Триполиді мұсылман әлемінің қарамағына қайтарды. Оның үстіне Триполиде қала құрылысының нағыз гүлденуі, қолөнердің, ғылым мен білімнің дамуы нақ осы мамлюктер тұсында болды. Қалада сол дәуірге жататын 360-тан астам ескерткіш сақталған.

Көне жәдігерлерден бөлек бүгінгі күнде Триполи Ливанның басты сауда қақпасы болып табылады. Оның Жерорта теңізінің жағалауында қолайлы орналасуы және дамыған коммуникациялық желісі қаланың аймақтық экономикадағы маңызды рөлін қамтамасыз етеді. Соның бір көрінісі ретінде бұнда Таяу Шығыстағы ең ірі халықаралық көрме орталығы орналасқан.

Сапар соңында қатысушыларды Ливан премьер-министрі Наджиб Микати қабылдады.