Қазақстан мен Ливан мәдени байланыстарды нығайтуда

Қазақстан мен Ливан  мәдени байланыстарды нығайтуда

20 ақпанда Бейрутта Қазақстан Елшісі Расул Жұмалы Ливанның Мәдениет министрі Мұхаммед Муртадамен кездесті. Ливандық лауазымды өкіл рухани жақындасу халықтар арасындағы берік әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізі болып табылатынын тілге тиек етті. Ол ливандық аудиторияны қазақ мәдениетімен және бай дәстүрлерімен жақынырақ таныстыруға мүдделік танытты. Осы орайда тараптар Қазақстан мен Ливан өнерпаздарын бірлескен фестивальдерге қатысуға, кино және мәдениет күндерін өткізуге ынталандыру қажеттігіне тоқталды.

Өз кезегінде Елші Қазақ елінің Араб әлемімен байланыстарының терең тарихына үңілді. Өткен жылы Қазақ даласының біртуар перзенті Мәмлүк сұлтаны Әз-Захир Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өткені соның бір дәлелі болды. Ливанда, атап айтқанда Триполи қаласында сол дәуірдің көптеген жәдігерлері сақталған және осы бірегей мұраны сақтап жаңғырту ісі бірлескен күш-жігерді талап етеді. Тараптар сондай-ақ әдебиет саласындағы  ынтымақтастық маңыздылығына тоқталды. Бұл тұста Абай, Шәкәрім, басқа да көрнекті қазақ ойшылдарының, сондай-ақ Джебран Джебран мен Михаил Наюме сынды Ливан классиктерінің шығармаларын екі ортада кеңінен насихаттаудың өзектілігі айтылды. Орайлы сәтті пайдаланып, министрге қазақ ақындарының шығармалар жинағының арабша тәржімәсі сыйға тартылды.

Кездесуге Ливанның Қазақстандағы тұңғыш Елшісі Асеф Насер қатысты. Ол зейнеткерлікке шыққанымен елдеріміз арасындағы достықты нығайтуға өз үлесін қосып келеді.