ҚР СІМ-де адам құқықтары саласындағы іс-қимыл жоспары және мүгедек адамдардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды

ҚР СІМ-де адам құқықтары саласындағы іс-қимыл жоспары және мүгедек адамдардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды

Астана, 2024 жылғы 29 қаңтар ­– Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надирқұлованың төрағалығымен Консультативтік-кеңесші органының «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» (бұдан әрі – АӨДА ККО) атты 2024 жылғы бірінші отырысы өтті.

Отырысқа Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, Сот әкімшілігінің, Орталық сайлау комиссиясының және мүдделі министрліктердің өкілдері, қазақстандық құқық қорғау ҮЕҰ, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері, оның ішінде БҰҰ Даму бағдарламасы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасы, Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің өкілдері және тағы басқалар қатысты.

Отырыс шеңберінде Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі және одан кейінгі шаралар туралы Үкімет жоспарын іске асыру, мүгедек адамдардың құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы қабылдаған шаралар туралы бастапқы баяндаманы қорғауға дайындық, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттары шеңберінде елдің халықаралық міндеттемелеріне қол жеткізудегі әлеуметтік жұмыс институтының сыни маңызы жөніндегі шаралар талқыланды.

А.Надирқұлова өзінің құттықтау сөзінде азаматтар мен қоғам қолдайтын әлеуметтік, саяси және экономикалық саладағы іргелі реформаларды белгілей отырып, Қазақстанның адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы халықаралық міндеттемелер мен әмбебап қағидаттарға бейілділігін атап өтті. Ол Президенттің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы Жарлығымен бекітіліп, Адам құқықтары күні қарсаңында қабылданған Адам құқықтары мен заңның үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарының рөлін айрықша атап өтті. Жоспар, азаматтық қоғаммен және халықаралық әріптестермен бірлесіп 40-тан астам іс-шара өткізуді көздейді.

Отырыс барысында, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Вице-министрі Н. Сағындықова 2024 жылғы 3-4 наурызда Женевада жоспарланған мүгедектігі бар тұлғалардың құқықтарын қорғау жөніндегі Қазақстан Республикасының ұлттық баяндамасын қорғауға дайындық барысы жөнінде ақпаратпен бөлісті. Сонымен қатар, ол «Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік саланың басқа да кәсіптері» атты жаңа кәсіби стандартын таныстырды, әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігі, олар көрсететін қызметтердің түрлері мен сапасы және жұмыс нәтижелері туралы ақпаратты қамтитын әлеуметтік қызметкерлер тізілімін құру жоспарымен бөлісті. Қабылданған шара халықтың неғұрлым осал топтарына әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталатын болады, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың желісін кеңейтуге және оларды шалғайдағы ауылдық елді мекендерге жеткізу арқылы әлеуметтік қызметкерлер үшін жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде, «Азамат әлеуеті» қайырымдылық қорының президенті А.Сейсенова, Қазақстан Республикасындағы мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның нормаларын іске асыру бойынша балама баяндама дайындау барысы туралы баяндады. Аралық ақпарат ұсынылған сәттен бастап, мүгедек адамдардың құқықтарын қорғау саласында елеулі өзгерістер болғандығы атап өтілді. Мәселен, Қазақстан Республикасында мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар қабылданды, әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды, Әлеуметтік кодекс қабылданды, Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға арналған Факультативтік хаттама ратификацияланды және т. б. Ірі интернат үйлерін реформалауға, деинституционализациялауға және ақыл-ой кемістігі бар адамдардың әрекетке қабілетсіздігі, қорғаншылығы, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі, жұмысқа орналасуына байланысты құқықтық мәселелерді шешу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ, күн тәртібіндегі екінші мәселені талқылау шеңберінде «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» РҚБ атқарушы директоры Д.Есімова 2023 жылғы 8 желтоқсандағы адам құқықтары саласындағы іс-қимылдың жаңа Жоспары шеңберінде Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдау жоспарланып отырғанын аталып өтті. Осыған байланысты, осы тұжырымдаманы ТДМ индикаторлары мен қосалқы индикаторлары тұрғысынан кеңейту, және әлеуметтік-экономикалық дамудың драйвері ретінде әлеуметтік жұмыс тетігін пайдалана отырып, перспективада қоғамның әрбір мүшесі үшін инклюзияны қамтамасыз ету ұсынылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселені талқылау барысында Әділет вице-министрі Б.Жақселекова адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарын және адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы одан әрі шаралар жоспарын іске асырылуы туралы хабардар етті. Осылай, Қазақстанның Адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерін имплементациялау жөніндегі жүйелі жұмысты жетілдіру және жалғастыру мақсатында 2023 жылғы 8 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Қазақстан Республикасының Жарлығына қол қойды. Жоспар, гендерлік теңдікті нығайтуға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске, қылмыстық сот төрелігі саласындағы азаматтарды қорғауға, азаптаудың және қатыгездіктің алдын алуға бағытталған бірқатар шараларды қамтиды. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қоса алғанда, бірлестіктер бостандығына, еңбекке құқықты қамтамасыз ету жөніндегі қадамдар көзделген.  

«Адам құқықтары үшін Хартия» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова атап өткендей, өткен жылдың наурыз айында адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарын іске асыру үшін Мемлекет басшысы Заңға қол қойды, онда алғаш рет «қатыгездік» ұғымы енгізіліп, халықаралық стандарттарға сәйкес азаптау мен қатыгездік үшін жауапкершілік шаралары белгіленді.

Күн тәртібін талқылау ашық және сындарлы сипатта өтті, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері Адам құқықтары саласындағы заңнамалық базаны жүйелі түрде жақсарту үшін практикалық ұсыныстар берілді.

Анықтама үшін: АӨДА ККО 2013 жылы ҚР СІМ бастамасымен құрылды. Алаң Үкімет пен азаматтық сектор арасындағы диалогты ілгерілетудің тиімді құралы болып табылады. Алаңда халықаралық ұйымдардың (БҰҰДБ, БҰҰ БЖКБ, ЕҚЫҰ және т.б.) байқаушылары ретінде қатысу кезінде адам құқықтарын қорғаудың әртүрлі өзекті мәселелері талқыланады.