Қазақстан Елшісі Әзербайжанның Қазақ ауданына барды

Қазақстан Елшісі Әзербайжанның Қазақ ауданына барды

Қазақстан Республикасының Елшісі Әлім Байел Әзербайжан Республикасының Қазақ ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында дипломат Әзербайжан Парламенті мен Қазақ ауданының атқарушы билігі ұйымдастырған "Түркі әлемі – Біздің отбасымыз" конференциясында сөз сөйледі. Іс-шараға түркі елдерінің дипломаттары да қатысты.

Сапар барысында Қазақ ауданы атқарушы билігінің басшысы Раджаб Бабашовпен және Қазақ ауданынан Милли Мәжілістің депутаты Самед Сеидовпен кездесу өтті, олар ауданның ерекшеліктері мен экономикалық әлеуеті туралы айтып берді. Қонақтар түркі интеграциясына арналған конференцияға қатысу үшін әйгілі Қазақ мұғалімдер семинариясының қалпына келтірілген ғимаратына барды. Өз сөзінде Елші Ә. Байел Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға жасаған мемлекеттік сапарының негізгі қорытындылары туралы айтып, түркі ынтымақтастығын ілгерілетудегі елдеріміздің рөліне тоқталды. Дипломат Қазақ ауданының атауы мен қызықты тарихының қазақ-әзербайжан қарым-қатынасындағы символдық маңыздылығын атап өтті. 

Сонымен қатар, қонақтар ауданның әйгілі табиғи көрікті жері Дамджылы (Тамшылы) бұлағын, өлкетану мұражайын аралап, әлемдік стандарттарға сай өнім шығаратын жергілікті цемент және жиһаз зауыттарының өндірістік қуаттарымен танысты. Қазақ ауданының Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастығын дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақ ауданы Әзербайжан Республикасының солтүстік-батыс жағында Армения мен Грузия шекарасында орналасқан. Аудан атауының Қазақстанмен тікелей байланысы бар екендігі белгілі. Кейбір тарихи деректерге сәйкес, 16-шы ғасырда Орталық Азиядағы қазақ даласынан келген жауынгерлердің үлкен тобы осында қоныс аударған. Аудан әйгілі Әзербайжан сазгерлерінің, ақындарының, жазушыларының және әскери қолбасшыларының отаны ретінде танымал. Аудан тұрғындары мен қазақтарды айтарлықтай антропологиялық ұқсастық, ашуг (ақындар) өнеріне деген ерекше құрмет, жауынгер мінез, сондай-ақ Әзербайжанның басқа аудандарында кездеспейтін құрт сияқты тағамдарды пайдалану біріктіреді.