Қазақстан мен Әзербайжан инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Әзербайжан инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Әзербайжан инвестициялық холдингінің Бас директоры Руслан Әлихановпен кездесті.

Кездесу барысында екі елдің инвестициялық ынтымақтастығын кеңейту перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, тараптар ҚР Президенті
Қ. Тоқаевтың 2024 жылғы 11-12 наурызда Әзербайжанға жасаған мемлекеттік сапары шеңберінде қол қойылған «Самұрық-Қазына» АҚ мен Әзербайжан инвестициялық холдингі арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді іске асыру жөнінде пікір алмасты.

Елші Ә. Байел бірлескен инвестициялық қордың құрылуы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудегі маңызды қадам болатынын және елдеріміздің өңірдегі мүдделерін келісе отырып ілгерілетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Құрылып жатқан қазақ-әзербайжан қоры екі мемлекеттің аумағында да, үшінші елдерде де экономиканың түрлі секторларында неғұрлым қызықты инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.

Осы тұрғыда тараптар екі ел үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін де үлкен геоэкономикалық маңызы бар іске асырылып жатқан бірлескен жобаларды жоғары бағалады. Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) бірлесіп дамыту, Әзербайжан аумағы арқылы қазақстандық энергия ресурстарының транзиті, Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) тарту, сондай-ақ Каспий түбімен терең су электр кабелін тарту жобаларына ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, тараптар инвестициялық қор атсалысатын жаңа бастамаларды талқылады. Инвестициялық қор «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) базасында тіркеліп, жұмысын жақын арада бастайтынын атап өткен жөн. Оның бастапқы көлемі 300 миллион долларды құрамақ.

Әзербайжан инвестициялық холдингі Әзербайжан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 7 тамыздағы Жарлығымен бірыңғай қағидаттар негізінде мемлекеттік компаниялар мен кәсіпорындарды, сондай-ақ мемлекеттік үлесі бар шаруашылық қоғамдарды басқару мақсатында құрылды. Холдинг мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады.

Бүгінгі таңда Әзербайжан инвестициялық холдингі SOCAR, ADY, AZAL, ASCO, AzerGold және т.б. сияқты 11 кәсіпорынды басқарады.