Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл. Қазақстанда қазақ даласының көрнекті перзентінің мерейтойы аталып өтілуде

Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл. Қазақстанда қазақ даласының көрнекті перзентінің мерейтойы аталып өтілуде

Биыл Қазақстанда қазақ ғылымының көрнекті қайраткері және бүкіл Кеңес одағына белгілі геолог-ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125-жылдығы тойлануда.

Ғылым мен өнеркәсіптегі орасан зор жетістіктер Қаныш Сәтбаевтың есімімен байланысты. Қ.И.Сәтбаев қазақ тіліндегі алгебра мектеп оқулығының алғашқы құрастырушысы, алғашқы қазақ кәсіби инженер-геолог, КСРО ҒА тұңғыш қазақ-академигі, Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш президенті мен негізін қалаушы, ҚазКСР ҒА Геология институтының тұңғыш директоры, Қазақстандағы мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың тұңғыш лауреаты, Қазақ геологтар ғылыми мектебі мен металлургия ғылымының негізгі қалаушысы.

Қаныш Сәтбаев Қазақстанның қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Сауатын ауыл молдасынан араб тілінде ашқан болашақ ғалым кейін Павлодар қазақ-орыс гимназиясында екі сыныпты бағдарламасын бітірді. Бұдан әрі оның өмір жолы Семей мұғалімдер семинариясында және Томск технологиялық институтының тау-кен факультетінде жалғасады. Оның семинариядағы курстастарының арасында «Алаш» саяси ұлт-азаттық партиясының белгілі қайраткерлері – қазақ драматургі, прозашы, ақын Жүсіпбек Аймауытов, жазушы Мұхтар Әуезов және ғалым Әлкей Марғұлан болды. Семей қаласында оқыған жылдары Қ.Сәтбаев қазақ зиялыларының басқа да ұлы өкілдерімен, «Алаш» партиясының мүшелері Ахмет Байтұрсыновпен, Мыржақып Дулатовпен және Сұлтанмахмұд Торайғыровпен кездесті. Жас ғалым Ш.Құдайбердіұлымен тығыз байланыста болып, оның шығармашылығын жоғары бағалаған.

Жас инженер-геолог Қаныш Сәтбаев өзінің кәсіби қызметін 1927 жылы Қарсақпай мыс кенішінде бастады.  Сол кездегі жергілікті кәсіби кадрлардың болмауы, қаржыландыру мен материалдық базаның жетіспеушілігі жағдайына қарамастан, Қаныш Сәтбаев 1930-1940 жылдар аралығында әлемді оның басты ғылыми жаңалықтарының бірімен – дүниедегі ең ірі, қорлары кемінде 2 млн тоннадан тұратын Жезқазған мыс кен орнынымен таныстырды.

Үлкен Жезқазғанның ашылуы Қазақстанның келбетін мәңгілікке өзгертіп, елдің аграрлықтан индустриялыққа айналуына ықпал етті. Елімізде мыс балқыту комбинатын, Ертіс-Қарағанды каналын салу және темір жол төсеу сияқты ірі жобалар іске асырылды. 1934 жылы алғашқы жоғары техникалық оқу орны – Қазақ тау-кен металлургия институтының (қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті) ашылды. Бұл институт алғашқы қазақ ғылыми кадрларының ұстасы болды.

Академик Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасына 800-ге жуық басылым кіреді. Оның редакциясымен Қазақ КСР Ғылым академиясының 30-дан астам ғылыми еңбектер жинағы жарық көрді. Ғалым Қазақстанның ірі пайдалы қазбалар кен орындарын ашуға және оларды өндіру мен қайта өңдеу үшін өндірістік база құруға зор үлес қосты. Оның басшылығымен әлемдік геологиялық тәжірибеде теңдесі жоқ ең алғашқы Қазақстанның пайдалы қазбаларының картасы жасалды.

Қазіргі уақытта оның құрметіне Ұлытау облысындағы Сәтбаев қаласы, жүздеген көшелер мен орта оқу орындары аталған. Қ.Сәтбаевтың бейнесі оған арналған ескерткіштерде мәңгі сақталған. Оның есімі Қазақстан Ғылым академиясының Геология ғылымдары институтына және еліміздегі ең ірі техникалық жоғары оқу орны – Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне берілді. Сонымен қатар, Жоңғар (Жетісу) Алатау жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ванадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолиус гүлі және тіпті бір планета оның есімімен аталады.