Иордания Парламентінің депутаттары Қазақстанның жүргізіп жатқан реформаларын жоғары бағалады

Иордания Парламентінің депутаттары Қазақстанның жүргізіп жатқан реформаларын жоғары бағалады

Амман, 2024 жылғы 17 наурыз – Иордан Хашимит Корольдігінің Парламентінде Қазақстан Елшісі Айдарбек Тұматов пен Иордания Өкілдер палатасының депутаттары – Қазақстан-Иордания парламентаралық достық тобы мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара барысында Елші А. Тұматов Иордания депутаттарын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен, оның ішінде «Egemen Qazaqstan» газетіне берген үлкен сұхбатында, сондай-ақ 2024 жылғы 7 ақпандағы жаңартылған Үкімет құрамының кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша айтылған институционалдық реформалардың барысымен егжей-тегжейлі таныстырды. Парламентшілерге 2022 жылдың қаңтар айындағы оқиғалар туралы деректі фильм ұсынылды.

Өз кезегінде Парламент мүшелері Қазақстанның қаңтар дағдарысын еңсеру және қоғамдық-саяси қайта құруларды іске асыру жөніндегі күш-жігеріне жоғары баға беріп, екі мемлекеттің, әсіресе инвестициялық, энергетикалық, көліктік және туристік бағыттардағы өзара іс-қимылын одан әрі нығайтудың маңыздылығын белгіледі. Депутаттар екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашудың өзектілігін атап өтті.

Қазақстанның Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсету, сондай-ақ Палестиналық босқындарға көмектесу және жұмыстарды ұйымдастыру үшін БҰҰ Таяу Шығыс агенттігіне (БАПОР) қолдау көрсету жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалай отырып, Иордания тарапы Палестина-Израиль қақтығысын тезірек аяқтауға жәрдемдесуді жалғастырудың маңыздылығын баса айтты.

Парламенттік достық тобының төрағасы Рамзи Әл-Аджармех Қазақстан-Иордания қатынастарының жоғары деңгейін атап өтіп, Иордания заң шығарушыларының парламентаралық диалогты нығайту, сондай-ақ перспективалы салалардағы екіжақты байланыстарды кеңейту жолдарын іздестіру бойынша бірлесіп жұмыс істеу ниетін растады. Осыған байланысты, ол парламентаралық ынтымақтастықты нығайту үшін парламенттік делегациялардың екіжақты сапарларын ұйымдастыруға мүдделілік білдірді.