«Жаныңда жүр жақсы адам»

«Жаныңда жүр жақсы адам»

 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесінің қарсаңында мемлекеттік қызметшілердің «мінсіз беделін» қоғам арасында кеңінен насихаттау және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқан қызметкерлер бейнесін ұжым алдында көтермелеу, жастарға үлгі болу мақсатында мемлекеттік қызметтің оң имиджін нығайтуға бағдарланған «Жаныңда жүр жақсы адам» айдарының кезекті қонағы – мемлекеттік қызметте адал да абыройлы еңбек етіп жүрген әріптесіміз Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті Байланыс саласындағы тарифтерді талдау және реттеу басқармасының бас сарапшысы Ғарифолла Кәкманұлы Әлменбетов.

Құрметті Ғарифолла Кәкманұлы, өзіңізді келе жатқан төл мерекеңізбен құттықтаймын. Осы мерекенің қарсаңында өзіңізге қояр сұрақтарым бар еді.

Елімізде әскерге шақырушылар жылына екі рет, көктем және күз айларында іріктеліп отырады. Мыңдаған бозбала қатаң талаптардан сүрінбей өтуі шарт. Алайда, барғысы келмейтіндері де бар. Қазіргі жастардың әскерге бармауы, Отан алдындағы борышына селқос қарауы, патриоттық сезімінің болмауына қандай себеп болуы мүмкін? Сіздің ойыңызша, әскердің берері бар ма?

Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа толған әрбір ер-азаматы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге міндетті. Бұл Ата заңымызда да көрсетілген. Азаматтық әскери борышын өтеу – маңызды, қасиетті міндет,- деп білемін. Біздің жас кезімізде қандай да бір себептермен әскер қатарында болмаған жігіттер өздерін басқалардан төмендеу санап, ыңғайсыз жағдайларда болатын. Қатарластары ойынды-шынды әскер қатарында болмағандарды «жігіт емессің»,- деп қағытып та жатушы еді. Әскер қатарында болу – ер азамат үшін бұл шыңдалу мектебі, өз-өзіңді тану, қандай да бір жағдайларда ұйымдасып бірлікте болуға, достыққа үйретеді.

Қазіргі жастардың әскер қатарында болып, азаматтық борыштарын өтеуге селқос, жауапкершіліксіз қарауы, әрине, құптарлық шаруа емес. Өз еліңнің азаматы болғандықтан, Отанды қорғау үшін патриоттық сезім болуы керек. Кезінде кешегі Ұлы Отан соғысында ата-апаларымыз бен әкелеріміз небәрі он сегіз, жиырма жастарында Отанды ерлікпен қорғаған жоқ па? Біздер – сол жеңімпаздардың ұрпақтарымыз, сондықтан майдаланбауымыз керек деп санаймын. Енді жастарымыздың Отан алдындағы борыштарын өтеуге құлықсыз болуы отбасындағы тәрбиеден сонымен қатар, ащы да болса шындық әскер қатарындағы әлімжеттілік өлім-жітім, басқа да келеңсіз себептер ықпал етеді деп ойлаймын.

Сіз өзіңіз әскер қатарында болдыңыз ба? Қай жерде әскери борышыңызды өтедіңіз, неше жасыңызда әскерге бардыңыз, әскерде болу сізге не берді?

Иә, әскер қатарында болдым. Әскер қатарына жиырма бір жасымда институт бітіргесін Жезқазған қалалық әскери комиссариатымен шақырылып 1984-1986 жылдары Кеңес әскері қатарында мерзімді (қысқа) әскери борышымды Қызыл жұлдызды Орта Азия әскери округына қарасты әскери бөлімде атқардым, запастағы сержантпын. Ұлы Отан соғысына қатынасқан екінші топтағы мүгедек ардагерінің баласы ретінде менің әскер қатарында азаматтық борышымды өтемеу мүмкін емес еді. Әке-шешеміздің тәрбиесі солай болған. Сөз реті келгенде айта кетейін, менің әкем Әлменбетов Кәкман Ұлы Отан соғысына қатынасып, елге мүгедек болып оралған. Соғыс жылдарындағы ерен еңбегі бағаланып, «Бірінші дәрежелі Отан соғысы ордені» және бірнеше медалдермен, мақтау грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталған. Ұлы Отан соғысының ардагері әкем 1997 жылы жетпіс бес жасында Жезқазған қаласында қайтыс болды.

Әскер қатарында болған жылдар мен үшін өмірдің бір кезеңі болды дер едім. Онда қызметтестер бір-бірімізге қамқор болып қол ұшын беріп, қандай қиындықтар болмасын бірлесе жеңіп, достық бауырмашылдық қасиеттерді қалыптастырды. Әскерде елді, ата-ана, туған-туыс, дос-жолдастарыңды сағынып жүргенде еңбек демалысын алуды армандап жүретініміз бұл шындық енді. Өз басыма сәтін салып үлгілі қызметім үшін 10 (он) күнге қысқа мерзімді демалыс алғаным әлі күнге дейінде өмірімнің естен кетпес шақтары болып қалары сөзсіз. Сол жылдардағы әскердегі қызметтестер бір отбасының балаларындай болдық десем, артық айтқандығым емес. Қазірде жасым алпыстан асса да, сол әскерде бірге болған жерлес жігіттермен араласып, бүгінде отбасылық достар болып кеттік.

«Ұл әкеден үйренбей, сапар шекпес, қыз шешеден үйренбей, өнеге алмас»-деген нақыл сөз бар. Ендеше, ата-ананың, оның ішінде әкенің бала тәрбиесіндегі орны өзгеше. «Әкеге бағыну – тәңірге бағыну» деп әкені дәріптеген. Ұл баланы тәрбиелеуде әкенің ролі қандай? Қазіргі заманда балаларды аңыздар мен қиссалар негізінде тәрбиелеу өзекті деп ойлайсыз ба?

Қазіргі ұл, бозбала ертеңгі бір-бір отбасының иесі екендіктерін бала жасынан айтып түсіндіріп отыру ата-ананың, әсіресе әкенің міндеті болуы керек. Сонда ер баланың отбасы алдындағы жауапкершілігі келешек ұрпақ өсіріп тәрбиелеуді сезініп өсуіне ықпал етері сөзсіз. Әрине, ер баланың тәрбиесінде әкенің орны маңызды деп санаймын. «Әке – асқар тау»,-деп тегін айтпаған ғой. Мысалы, өзім жанұяда қанша бала болсақ та әкеміздің біреумізге ұрсып зекігенін естіген емеспін. Анамыздың әкеңе айтамын, әкең келе жатыр,-деген сөзі жетіп жататын, сол сөзбен-ақ тәрбиелендік.

Жастарымыздың ежелгі батыр бабаларымыз жайлы аңыз-қиссаларды оқып тарихын білгендері өте дұрыс, маңызды деп санаймын. Өткен шақсыз келешек жоқ. Қаншама атақты Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Бауыржан, Рақымжан тағы да басқа мақтан тұтатын батыр бабаларымыз жетіп артылады, солар туралы келешек жастарымыз біліп, саналарына құйып алса қандай ғанибет. Осы бағыттағы жұмыстарды мектеп қабырғасында, орта және жоғарғы оқу орындарында да міндетті әрі тұрақты жүргізіп насихаттап отырса қандай құптарлық іс болып, нұр үстіне нұр болар еді.

Өзіңіз туралы айтсаңыз (қай жердің тумасысыз, еңбек жолыңызды қашан, қайдан бастадыңыз, мемлекеттік қызметтегі еңбегіңіз еленді ме, мемлекеттік қызметке жанұяңыздың көзқарасы қандай?)

Мен Ұлытау облысы, Ұлытау ауданы, Арал төбе елді мекенінде
1963 жылдың 2-қаңтарында дүниеге келдім. 1969 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1979 жылы Жезқазған қаласындағы № 8 қазақ орта мектебін аяқтадым. Жезқазған педагогикалық институтын және С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін бітірдім. Мамандықтарым бойынша жалпы техникалық пәндер мұғалімі және электр байланыс инженерімін. Алғашқы еңбек жолымды мектеп жанындағы интернатта тәрбиешіліктен бастадым. Министрлікке қызметке келгенше сол кездегі Жезқазған облысында ағарту саласында, облыстың жергілікті атқарушы органында және Астана қаласында еңбек еттім. Институттың күндізгі бөлімінде оқығаным және әскер қатарындағы мерзімді (қысқа) азаматтық борышымды өтеген жылдарды қоса есептегенде жалпы еңбек өтілім қырық бес жыл, оның ішінде мемлекеттік қызметте жиырма жеті жыл, қазіргі ұжым Министрлікте еңбек етіп жатқаныма жиырма жыл.

Мемлекеттік қызметтегі еңбегім мынадай марапаттармен аталып өтілді:

«Құрметті байланысшы» атағымен;

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалімен және әртүрлі қызмет еткен Министрліктердің және Байланыс саласындағы өңірлік достастық атқарушы комитеті Кеңесінің төрағасы – Ресей Федерациясы Байланыс және бұқаралық коммуникация министрінің Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталдым.

Мемлекеттік қызмет үлкен мәртебе деп білемін. Қоғам алдындағы бедел деп түсінемін. Әрине, отбасым менің мемлекетте қызметте еңбек ететіндігіме оң көзқараста, мені мақтан тұтады.

Сіздің жалпы еңбек өтіліңіз 40 жылдың үстінде, оның ішінде мемлекеттік қызметте әрі телекоммуникация, байланыс саласында жүргеніңізге 20 жылдан да асты. Тәжірибелі қызметкер, өз ісінің маманы ретінде айтсаңыз. Мемлекеттік қызметші қандай қасиеттерге ие болуы тиіс? Мемлекеттік қызметте мамандардың мансаптық өсуіне кедергі келтіретін қандай әттеген-ай бар?

Иә, уақыт өз орнында тұрмайды. Жаңарған дүние, қаншама жаңашылдықтар енгізіліп жатыр. Бір ғана мысал, бұдан отыз жылдай бұрын ұялы байланыс ешкімнің ойына да кіріп шықпаған дүниелер еді, ал қазір күнделікті тірлігімізді ұялы байланыс, интернетсіз елестету тіпті мүмкін емес. Бүгінде мемлекетіміздің, министрліктің алға қойып отырған негізгі басты міндеттері жаңа байланыс технологияларын енгізе отырып, қала мен ауыл арасындағы теңсіздіктерді жою. Бұл бағытта жылда қаншама игілікті іс-шаралар атқарылуда. «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы және тұрғындар саны 250-ден асатын ауылдық елдімекендерді интернетпен қамтамасыз ету жобалары аясында тағыда басқа қыруар жұмыстар атқарылуда.

Кез келген адам қай салада еңбек етпесін, білім алмасын, ғұлама ғалым Қ.И. Сәтбаев айтқандай: «Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен қарасаңыз, сөз жоқ жеңіске жетесіз».

Мемлекеттік қызмет абыройлы міндет, қоғамның артқан сенімі. Мемлекеттік қызметте өз саласының маманы болу, адамгершілік, ұқыптылық әріптестеріңмен тығыз қарым-қатынаста болып сыйласу, әр кез қол ұшын беруге талпыну басты міндет. Мемлекеттік қызметте болу – еліңе, отаныңа қызмет ету, қоғамның айнасы болу. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте мансаптық өсуге кедергі жоқ, ол үшін тапсырылған міндеттерді адал уақытылы, сапалы атқарып, жаңашыл болғандары дұрыс.

Осы сәтті пайдалана отырып, Министрліктің барлық қызметерлерін сонымен қатар, ер-азаматтарды «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, бар жақсылықтарды тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бейбіт заман болсын. Мерекелеріңізбен!

Ғарифолла Кәкманұлы алтын уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!

Сізді де мерекемен құттықтаймын!  Сізге мықты денсаулық, жанұяңызға амандық тілеймін!

 

 

                                                                                      Сұхбаттасқан:

Жансая Қаршығақызы Молдағалиева

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму,

 инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі

                                                                        министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі