ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒЫЛЫМ ТІЛІ: ДӘСТҮР ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯ

ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒЫЛЫМ ТІЛІ: ДӘСТҮР ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯ

🔸 2024 жылдың 1 наурыз күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақ тілі – ғылым тілі: Дәстүр және инновация» тақырыбындағы симпозиум өз жұмысын бастады.

🔸 ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың:  «Қазақ тілі  ғылым тілі болуы керек» деген талабына сай  ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігі, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы және Ясауи ат. Халықаралық қазақ-түрік университеті тіл жанашылары мен ғалымдардың басын қосып, ғылымның ұлттық мазмұнын дамытуды көздейтін республикалық іс-шара өткізіп жатыр.

🔸 Алқалы жиынға министр Саясат Нұрбек, Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев сынды билік пен зиялы қауым өкілдері, қоғам мен мәдениет қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар, оқытушылар және білім алушылар қатысты. Екі күндік симпозиумда алты секция бойынша: филология, әлеуметтік ғылым, жаратылыстану, техникалық ғылым және журналистика саласындағы өзекті мәселелер талқыланады.  Сондай-ақ, симпозиум аясында студенттер үшін калька, аударма мәселесіне арналған арнайы уоркшоптар мен тренингтер өткізіледі.

🔸 Бүгін ашылу салтанатында ҚР ҒжЖБ министрлігі жариялаған «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы – 2023» және «Үздік ғылыми қызметкер - 2023» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Құттықтау сөз  алған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек барлық оқытушылар мен ғалымдардың білім және отандық ғылым саласын дамытуға қосқан зор үлесін айта келе: «Жасанды интеллект пайда болғалы бұрыннан дәстүрлі даму жолында болған салалар жаңаша түрленді деуге болады. Айталық, психология, тіл саласын, коммуникация теориясы.  Өздеріңіз білетіндей, бұрын тек адам мен адам арасында коммуникация болса, енді адам мен цифрлық тұлға арасында қарым-қатынас, пен байланыстың дәуірі басталды. Бұл бізге озық технологияның шексіз мүмкіндіктерін береді. Әсіресе филологтарға, лингвистика саласына жаңа көкжиектер ашылды. Біз заман талабынан қалмай, осы мүмкіндіктерді ұлт мүдесіне, тілдің дамуына пайдалана білуіміз керек», деді.