Жаңа аллеялар мен алаңдар: Астанадағы ауқымды экоакцияға шетелдік елшіліктердің өкілдері қатысып жатыр

Жаңа аллеялар мен алаңдар: Астанадағы ауқымды экоакцияға шетелдік елшіліктердің өкілдері қатысып жатыр

Елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экологиялық акция өтіп жатыр. Бұл апта «Жасыл аймақ» ұранымен өтіп, ағаш отырғызуға, ағаштардың түбін ақтауға және т.б. арналған. Экоакцияны елордада орналасқан 70-ке жуық елшілік пен халықаралық ұйым қолдады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты. 

Елорданың барлық ауданында экологиялық іс-шаралар өтіп жатыр. Байқоңыр ауданындағы ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының аумағында ағаштар отырғызылды. Акцияға Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Индонезия, Грузия, Беларусь, Португалия, Таиланд, Израиль, Ватикан елшіліктерінің өкілдері қосылды. Іс-шараға қатысушылар мұражай аумағына 350-ден астам ағаш отырғызды. 

«Бүгін бізде керемет көңіл-күй бар. Мұндай акциялар қоршаған ортаға үлкен пайда әкеледі. Мен ағаш отырғызу, саябақтарды көгалдандыру жұмыстарын ылғи да қолдаймын. Әрбір отырғызылған ағаш – біздің болашаққа қосқан үлесіміз, келесі ұрпаққа қамқорлық. Бұл бағытта Қазақстан үлкен жұмыс атқарып жатыр», – деді Беларусь Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Дмитрий Зорин.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясын Алматы ауданына ағаш отырғызу арқылы Ресей Федерациясының елшілігі де қолдады. 

Нұра ауданында тағы бір жаппай экоакция өтті. 300 алмұрт ағашын отырғызуға Армения, Өзбекстан, Литва, Румыния, Швейцария Конфедерациясы, Нидерланд, Оман Сұлтандығы, Иордания, Сауд Арабиясы, Марокко, Ирак, Кувейт және Еуропа Одағы мен Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының дипломатиялық миссиялары мен елшіліктерінің өкілдері қатысты.

Нұра ауданының әкімдігі араб елдерінің, Еуропа мемлекеттерінің елшіліктерінің, Еуропа Одағының және көрші елдердің өкілдіктерінің қатысуы 1 мамыр – Қазақстан халқының Бірлігі күніне орайластырылғанын атап өтті.

Сарыарқа ауданында да жаңа жасыл желектер отырғызылды. Елордалық саябақта Моңғолия, Палестина, Ливия және Малайзия елшіліктерінің өкілдері ағаш отырғызу және аумақты абаттандыру шарасына жиналды. 

Айта кетейік, 3 апта бойы елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экоакциясы өтіп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, ауқымды экоакция аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарлар орнату, рұқсат етілмеген қоқыс полигондарын жою және т.б. жұмыстар жүргізіліп жатыр.