Өскемендегі жылу желілерінің жағдайын ақылды жүйе бақылайтын болады

Өскемендегі жылу желілерінің жағдайын ақылды жүйе бақылайтын болады

Өскемен жылу желілерінің теңгерімінде жұмыс істеп тұрған сегіз жылу қазандығы мен 15 насос стансасы бар, мекеме 450 км жылу желісіне қызмет көрсетеді. Сондай-ақ кәсіпорынға жылу Өскемен және Согра ЖЭО-ларынан келеді. Коммуналдық кәсіпорын облыс орталығындағы 120 790 тұтынушыны ыстық сумен, жылумен қамтамасыз етіп отыр.
– Облыс орталығында жылыту маусымы қалыпты жағдайда өтті, апат немесе технологиялық ақаулар болған жоқ. Мамандарымыз келер маусымға дайындықты бастап кетті. Жылу желілерін тексеруді аяқтап қалдық, ары қарай жөндеу жұмыстарына кірісеміз. Биыл 13 км жылу желісін ауыстыруды жоспарлап отырмыз, – деді Өскемен жылу желілерінің техникалық директоры.
Оның айтуынша, бір ғана мәселе бар, ол – жылу энергиясының жетіспеушілігі. Бұл мәселенің түйіні жаңа ЖЭО салған кезде шешіледі. Нәтижесінде жеке сектор түгелдей орталықтандырылған жылуға қосылады. Ал шағын қазандықтардың кейбірі жұмысын тоқтатады, тек №№3, 4 және 8 жылу қазандығы ғана жұмыс істей бермек. Бұл Өскеменнің экологиясын жақсартуға айтарлықтай әсер етпек.
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев Өскемен жылу желілерінің жұмысымен танысты. Аймақ басшысы желілердің жағдайы туралы толық ақпарат беріп отыратын цифрлық платформа әзірлеу қажеттігін атады. Цифрлық жүйе ақау болған учаскені дәл анықтауға және оны жылдам қалпына келтіруге, сондай-ақ апат қаупін алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
– Осы бағытты дамыта түсу керек. Деректер тізілімін құрып, оған барлық параметрлерді енгізу қажет. Бұл бәрін есептеп, ақпарат беретін жасанды интеллект, ақылды платформа болуға тиіс. Ол деректер Ситуациялық орталықта көрініп тұруы керек, – деп атап өтті аймақ басшысы Ермек Көшербаев.
Жуық арада мамандар цифрлық платформа әзірлеуге кіріседі. Бұл заманауи ақпараттық жүйе кәсіпорынды басқару тиімділігін арттырып, жылу желілерін қолдану шығынын анағұрлым азайтуға мүмкіндік береді.